Пентагонның бұрынғы басшысы Б.Обаманың Ауғанстанға қатысты саясатын сынға алды

АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ-тың бұрынғы Қорғаныс министрі Роберт Гейтс кітап жазып, онда президент Барак Обаманың Ауғанстанға қатысты стратегиясын қатты сынға алды.

Бұл жайында ВВС Орыс жаңалықтары хабарлады.

Р.Гейтс өзінің «Қызмет: әскери министрдің ғұмырнамасы» атты кітабында Обаманың Ауғанстанға қатысты американдық стратегияның дұрыстығына күмәнмен қарағандығын жазады. Сондай-ақ оның жазуынша, АҚШ Президенті өзіне дейін билік басында болған Джордж Буштан мұраға қалған Ирак пен Ауғанстандағы соғыстың мән-жайын терең зерделеп қарамаған. «Ол үшін ең бастысы әскерді шығару болды», - деп жазады экс-министр.

Айта кетейік, Роберт Гейтс Джордж Буш пен Барак Обама тұсында Пентагонды басқарған болатын. Ол 2011 жылдың жазында қызметінен кетті.