Әкімнің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 682 млрд теңгеге жетіп, өңірлік өнімнің 7%-ын құрады. Биыл бұл көрсеткіш 3,3% өсіммен 751 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Облыстың ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау көлемі жылдан-жылға артып келеді.
– Мәселен, біздің облыстағы Шин-Лайн компаниясының балмұздағы Сауд Арабиясы, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне шығарылды, «Fruit Art» компаниясының сублимациялық өнімдері, «LST AGRO» жылыжайындағы томат өнімдерінің 90%-ы Ресейдің «Пятерочка», «Магнит» секілді ірі сауда желілеріне тікелей жеткізіледі. Осындай компаниялардың қарқынды жұмысы нәтижесінде ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артып, 345,2 млн долларға жетті, – деді М.Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сонымен бірге мемлекеттік қолдау аясында 13 сүт-тауар фермаларын құруға республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінді.
– Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді ұлғайту мақсатында «Pepsi Co» компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде, Нарынқолда өсірілген картоптан «Lays» өнімдері шығарылатын болды, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, облыс ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі бойынша 8 орында болғанымен, өнім көлемі бойынша тұрақты түрде республикада 5-орында тұр.
– Бүгінде мемлекеттік қолдаудың 1 теңгесіне 17 теңгеге өнім шығарылуда, бұл көрсеткіш бойынша республикада алдыңғы қатардамыз, – деді Алматы облысының әкімі.
Бұған дейін әкім Алматы облысының экономикасы 6 трлн теңгеге дейін өскенін айтқан еді.
Сондай-ақ, Алматы облысында 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, 15 индустриалды аймақ құрылады.