Перизат Қайрат пен анасына қандай айыптар тағылды

Коллаж: Kazinform/Freepik/Instagram

АСТАНА. KAZINFORM – Еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сотта прокурорлар алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және азаматтардың сенімін асыра пайдалану фактілерін қамтитын айыптау актісін жария етті.

Айыптаумен прокурорлар (мемлекеттік айыптаушы) Арман Кезекен мен Мәдина Оразалина таныстырды.

Тергеу материалдарына сәйкес, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева алдын ала сөз байласу арқылы топ болып әрекет еткен. Айыптау нұсқасына сәйкес, 2021 жылдан 2024 жылға дейін олар қайырымдылық көмегі сылтауымен жеке және заңды тұлғалардан қаражат жинап, оның басым бөлігін өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Жалған қайырымдылық ұйымын құру

Перизат Қайрат Астанада тіркелген «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін құруды бастаған. Айыптау бойынша, ол құрылтайшылардың қолтаңбаларын қолдан жасап, банк шоттарын өз атына және анасының атына ашып, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп, қайырымдылыққа ақша жинаған. Кейін бұл қаражаттар қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке қажетіне, яғни қымбат заттар сатып алуға, саяхат пен жылжымайтын мүлікке жұмсаған.

Балалар мен зардап шеккендерге көмек көрсету сылтауымен қаражат жинау

Айыптауда 2021 жылы П. Қайрат мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салу мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырғаны айтылған. Осы шара барысында 21,6 млн теңге жиналған, бірақ оның елеулі бөлігі мейрамханаға, гүл алуға, киім-кешекке және жеке қажеттіліктерге жұмсалған.

2023 жылы ол Қазақстандағы Палестина елшілігімен Газа секторына гуманитарлық көмек жинау туралы келісім жасаған. Алайда, айыптау актісінде көрсетілгендей, жиналған 566 млн теңгенің тек 7,4 миллионы ғана мақсатты түрде аударылған. Қалған қаражатқа Mercedes-Benz EQE көлігі, Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен пәтер алған және басқа да жеке шығындар жабылған.

2024 жылғы су тасқыны

2024 жылғы наурызда Қазақстанда басталған су тасқыны кезінде айыпталушылар, айыптау нұсқасы бойынша, азаматтардың эмоциялық күйін пайдаланып, тағы бір рет қаражат жинау науқанын бастаған. Жалпы 2,86 млрд теңге жиналған. Айыптауға сәйкес, бұл қаражат брендті киімдер, зергерлік бұйымдар, көліктер (оның ішінде Lexus пен Mercedes-Benz S 450), пәтерлер мен коттедждер сатып алуға, жөндеу жұмыстарына және шетелдік сапарларға жұмсалған.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру

Прокурордың мәліметінше, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева 1 млрд теңгеден астам қаражатты заңды айналымға енгізіп, мүліктердің бір бөлігін туыстарының атына рәсімдеген. Соның ішінде – 23 млн теңгеге сатып алынған «Rebel Flowers» гүл бизнесі де бар. Бұл бизнес кейін қосымша табыс көзіне айналған.

Осылайша, үш жыл ішінде қайырымдылық сылтауымен 3,4 млрд теңге ұрланған.

Айыптау актісіне сәйкес, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемде, адамдар тобы болып жасаған алаяқтық) және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Айта кетсек, Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптармен келіспей отыр.

Сондай-ақ Перизат Қайрат тергеу изоляторы қызметкерлерінен жәбір көргенін айтқан еді. Артынша елорда полициясы тергеу изоляторында болған жайттың видеосын көрсетті.

Белгілі болғандай Перизат Қайраттың соты ішінара жабық өтеді.

Бұған дейін елордада Перизат Қайраттың ісіне қатысты алдын ала сот отырысы өтті.

Биыл 30 маусымда Перизат Қайраттың ісі сотқа жіберілді.

Еске салайық, еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны 2024 жылы 14 қарашада белгілі болды.