Перизат Қайрат ісі: 47 адам жәбірленуші деп танылды

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада волонтер, қайырымдылық қоры жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша зардап шеккен жандардың саны айтылды.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы (прокурор) Арман Кизикен аталған іс бойынша, Biz birgemiz қорына қаржы аударған 47 адамның жәбірленуші деп танылғанын мәлім етті.

Қазір сот қылмыстық іске қатысты дәлелдерді, яғни айыптау тарапы сотталушының әлеуметтік желідегі парақшасын зерттеп жатыр.

Бұған дейін күдікті Перизат Қайрат басқарған қайырымдылық қорына Назарбаев мектебінінің ата-аналары шамамен 1 млн теңге жинап бергені туралы жазған болатынбыз.

Одан бөлек Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударған. 

Кеше өткен сот отырысында Forte Bank маркетинг директоры Антон Ким тасқын кезінде Перизат Қайраттың қорына жеке шотымнан жарты миллион теңге аударғанын айтқан еді. 

Сот отырысында белгілі болғандай Перизат Қайрат анасын ортаға салып, 23 млн теңгеге гүл бизнесін сатып алған. 

Одан бөлек «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты. 

Сондай-ақ танымал блогер Олжас Садық сотта куәлік ету барысында Перизат Қайратқа 83,5 млн теңгеге алданғанын айтты. 

Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Перизат Қайраттың үстінен қозғалған іске қатысты пікір білдірді.