Перизат Қайрат ісі: тасқын кезінде НЗМ қызметкерлері 2,9 млн теңге жолдаған
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада волонтер, қайырымдылық қоры жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша зардап шеккен жандардан жауап алу жалғасып жатыр.
Бүгін қылмыстық істің үшінші эпизоды қаралып жатыр. Жаңа Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Жанерке Сатқымбековадан жауап алынды. Оның айтуынша, ата-аналар, оқушылар және мұғалімдер атынан тасқын кезінде, нақты айтқанда 2024 жылғы 10 сәуірде банктің онлайн-қосымшасы Biz birgemiz қайырымдылық қорына 2,9 миллион теңге аударған.
Прокурордың «Неліктен дәл Biz Birgemiz қорын таңдадыңыздар?» деген сұрағына жәбір көруші: «Өйткені, қор туралы барлық жерде жарнамаланды, сондықтан осы қорға жіберуді шештік», — деп жауап берді.
Сұрақ-жауап барысында күдікті Перизат Қайрат жәбірленушіге қарап, ол қаражат мақсатты түрде жұмсалғанын алға тартты.
— Сіз жіберген барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалды. Біз су тасқыны кезінде алдыңғы шепте болып, ауқымды жұмыс атқардық, — деді сотталушы.
Қазір судья күдікті Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаева сот барысында өзін жайсыз сезінуіне байланысты уақытша үзіліс жариялады.
Бұған дейін күдікті Перизат Қайрат басқарған қайырымдылық қорына Назарбаев мектебінінің ата-аналары шамамен 1 млн теңге жинап бергені туралы жазған болатынбыз.
Одан бөлек Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударған.
Кеше өткен сот отырысында Forte Bank маркетинг директоры Антон Ким тасқын кезінде Перизат Қайраттың қорына жеке шотымнан жарты миллион теңге аударғанын айтқан еді.
Сот отырысында белгілі болғандай Перизат Қайрат анасын ортаға салып, 23 млн теңгеге гүл бизнесін сатып алған.
Одан бөлек «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты.
Сондай-ақ танымал блогер Олжас Садық сотта куәлік ету барысында Перизат Қайратқа 83,5 млн теңгеге алданғанын айтты.
Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Перизат Қайраттың үстінен қозғалған іске қатысты пікір білдірді.