Перизат Қайраттың қорына жеке шотымнан жарты миллион теңге аудардым — Forte Bank маркетинг директоры

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты өтіп жатқан сот процесінде «Forte Bank» АҚ-ның маркетинг жөніндегі директоры Антон Ким куәлік берді.

Банк өкілі су тасқыны кезінде қайырымдылықты неге Перизат Қайрат жетекшілік еткен «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры арқылы жасағанын түсіндірді.

Антон Кимнің айтуынша, ол қаржы аударудың бірнеше нұсқасын қарастырып, соңында аталған қорды таңдаған. Себебі - 2020 жылы мемлекет пен Nur Otan (қазіргі AMANAT) партиясының бастамасымен құрылған «Biz Birgemiz» қоры болғандықтан, сенім артқан.

Сотта Forte Bank-тің маркетинг директоры жеке есепшотынан 500 мың теңгені Kaspi қосымшасы арқылы аударғанын айтты. Кейін ол қаражаттың қалай жұмсалғанын бақыламаған, өйткені қорға толық сенім білдірген.

Сот отырысында белгілі болғандай6 Перизат Қайрат анасын ортаға салып, 23 млн теңгеге гүл бизнесін сатып алған. 

Бұған дейін «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты. 

Сондай-ақ танымал блогер Олжас Садық сотта куәлік ету барысында Перизат Қайратқа 83,5 млн теңгеге алданғанын айтты. 

Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Перизат Қайраттың үстінен қозғалған іске қатысты пікір білдірді.