Перизат Қайраттың ісінде зардап шегуші жоқ — Адвокат
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның үстінен шығарылған сот үкіміне қорғаушы тарап түсірген аппеляциялық шағым қаралып жатыр.
Адвокат Асланбек Дәулетияров Перизат Қайраттың ісін қылмыстық кодекс аясында қараудың өзі заңсыздық деген уәжін қайталады. Оның сөзінше, қайырымдылыққа бағытталған ақша қайтарымсыз негізде берілетіндіктен, 51 тұлғаны айыптау тарабы заңсыз жолмен зардап шегуші ретінде таныған.
Қорғаушы бұған дейінгі сот отырыстарында Перизет Қайраттың қолынан Алматы және Астана қалаларында пәтер алған екі куәгердің уәжін негізге алмағанын, ал олардың куәлігі айыпталушының қайырымдылыққа берілген ақшаны жымқырмағанын айғақтайтынын айтты.
Ал Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның шотына жіберліген ақшалар тікелей «Біз біргеміз» қорының шотынан аударылмағандықтан, оны қандай да бір заңсыз схемаға қатысы бар деп айыптау заңсыз деген уәж де айтылды.
— Тінту кезі бейнелеген видеода Перизат Қайрат іске куәгер тартуды талап етіп, адвокатқа хабарласқысы келгені көрініп тұр. Бірақ оның телефонын тартып алған. Ал қаулыда телефон тінту кезінде тәркіленген деп көрсетілген. Яғни, тінту қаулысындағы мәлімет бейнежазбадағы көріністермен сәйкеспейді, — деді Асланбек Дәулетияров.
Адвокат Перизат Қайраттан тәркіленген қымбат киімдер мен әшекейлердің оригинал бренд екенін анықтайтындай сараптама жүргізілмегенін алға тартты. Осыларды негізге алған қорғаушы сот үкімін негізсіз деп тануды сұрады.
Есік салсақ, шілде айында Елорда соты «Biz birgemiz» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шығарған еді. Сот үкімінде Перизат Қайратты 10 жылға, анасын 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Ал тамыз айында адвокат Перизат Қайрат пен оның анасын ақтауды талап етіп, сотқа шағым түсірді.