Перизат Қайраттың соты неліктен ішінара жабық өтеді – судья жауабы

Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов Перизат Қайратқа қатысты сот отырысының ішінара жабық өту себебін заң тілімен түсіндірді.

- Банк құпиясы саналатын мәліметтің сақталуын қамтамасыз етуді ескере отырып, сот айыпталушылардан жауап алу кезінде, яғни түсініктеме беруі барысында, құпия ақпарат болуы мүмкін мәліметтер айтылса, сондай-ақ қылмыстық іс материалдарын зерттеу кезінде, банк құпиясы саналатын деректер болуы мүмкін жағдайда, сот талқылауының жариялылығын шектеу туралы шешім қабылданды, - деді Сабыржан Кәрімов.

Судьяның мәлімдеуінше, қалған жағдайда сот отырысы ашық режимде өтеді.

- Ал Қазақстанның Израиль және Палестинамен халықаралық қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін жағдай туралы өтінішке келсек, тағылған айыпта қақтығыс жағдайы көрсетілмеген, яғни айыпталушы Перизат Қайратқа тағылған айыппен байланысты емес. Сот істі тек тағылған айып шеңберінде қарайды. Осылайша, сот талқылауының жариялылығы тек заңмен қорғалатын мүддені сақтау қажеттілігі шегінде ғана ұсталады, ал қалған жағдайда жариялылық қағидаты сақталады. Қылмыстық істі қарау барысында барлық қатысушы мен басқа да тұлғалар аталған қағидатқа бағынуы тиіс. Осыған байланысты алдын ала тыңдау жабық деп жарияланды. Қылмыстық іс көлемінің ауқымдылығын ескере отырып, сот қатысушылары үшін кесте жасау қажет, - деп түсіндірді судья.

Сот отырысы апта сайын дүйсенбі және сейсенбі күндері сағат 10:00-де өтеді.

Белгілі болғандай Перизат Қайраттың соты ішінара жабық өтетін болды.

Бұған дейін елордада Перизат Қайраттың ісіне қатысты алдын ала сот отырысы өткенін хабарлаған едік.

Айта кетсек, биыл 30 маусымда Перизат Қайраттың ісі сотқа жіберілді.

Еске салайық, еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны 2024 жылы14 қарашада белгілі болды.

Сондай-ақ Жоғарғы сот Перизат Қайраттың сотын тікелей эфирден көрсету мәселесін қарастыруға дайын екенін хабарлады.