Перизат Қайраттың сотын тікелей эфирден көрсету мәселесін қарастыруға дайынбыз — Жоғарғы сот

Фото: Instagram/01pk

АСТАНА. KAZINFORM — Жоғарғы сот Kazinform сауалына жолдаған жауапта «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы анасымен бірге қомақты қаражат жымқырды» деп күдікке ілінген Перизат Қайраттың сотын қандай жағдайда тікелей эфирден көрсету арқылы ашық жүргізетіндерін айтты.

— «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі — Перизат Қайраттың істері сотқа түспеген. Перизат Кайраттың соңғы қылмыстық ісі сотқа келіп түскен жағдайда, қоғам тарапынан, заңгерлер қауымынан сондай сұраныс болса, сот отырыстарын тікелей эфирде көрсету мәселесі қарастырылуы мүмкін, — деп жазылған ресми жауапта.

Еске салсақ, Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты тергеп-тексеруді аяқтаған болатын. 19 наурызда тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен

Ал агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов осы іс бойынша сот қашан басталатынын айтқан

— Күдіктілерді іс материалдарымен таныстыру 9 маусымда біткеннен кейін заң бойынша үш күн беріледі. 10 күннің ішінде прокуратура істі сотқа жібергеннен кейін сот қабылдап, қай күні басталатынын айтады, — деген еді агенттік өкілі.