— «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі — Перизат Қайраттың істері сотқа түспеген. Перизат Кайраттың соңғы қылмыстық ісі сотқа келіп түскен жағдайда, қоғам тарапынан, заңгерлер қауымынан сондай сұраныс болса, сот отырыстарын тікелей эфирде көрсету мәселесі қарастырылуы мүмкін, — деп жазылған ресми жауапта.
Еске салсақ, Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты тергеп-тексеруді аяқтаған болатын. 19 наурызда тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен.
Ал агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов осы іс бойынша сот қашан басталатынын айтқан.
— Күдіктілерді іс материалдарымен таныстыру 9 маусымда біткеннен кейін заң бойынша үш күн беріледі. 10 күннің ішінде прокуратура істі сотқа жібергеннен кейін сот қабылдап, қай күні басталатынын айтады, — деген еді агенттік өкілі.