Перизаттың анасы қайда қараған — Жәбірленушілер Ғ. Алашбаеваның жазасын жеңілдетуге қарсы шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Астана сотында «Birgemiz» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі, волонтер Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін қор есепшотына ақша аударып, қаржылай зардап шеккендердің пікірі тыңдалды.
Ең алдымен «Forte Bank» АҚ маркетинг жөніндегі директоры Антон Ким жеке қаражатынан Birgemiz қорына 500 мың теңге аударғанын, бұл іс бойынша берілген азаматтық талапты толық қолдайтынын жеткізді.
— Біз азаматтардың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту, зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған реформалар туралы жиі айтамыз. Алайда әрбір осындай оқиға қоғамның көптеген оң жетістіктерін жоққа шығарып отырады. Біздің полиция, дәрігерлер мен мұғалімдер — сенім артуға болатын тұлғалар деп сенуіміз маңызды. Ал «Birgemiz» қорына қатысты жағдай тұтас қайырымдылық саласына деген сенімге селкеу түсірді. Бұған дейін қайырымдылық жасаған немесе оны жоспарлаған әр адам енді күмәнмен қарайтын болды, — деді ол сотта сөйлеген сөзінде.
Сонымен бірге Антон Ким соттан Ғайни Алашбаеваның денсаулығын ескеріп, оған тағайындалатын жазаны жеңілдетуді сұрады.
— Мен П. Қайрат пен Ғ. Алашбаеваның кінәсі толық дәлелденді деп есептеймін. Азаматтық талабымды толық қанағаттандыруды сұраймын және жазаға қатысты прокурордың ұстанымын қолдаймын. Дегенмен Алашбаева ханымның жасы мен денсаулық жағдайын ескеріп, жеңілдететін мән-жай ретінде назарға алуды сұраймын, — дейді А. Ким.
Дегенмен өзге жәбірленушілер Ғ. Алашбаеваға еш жеңілдік жасамауды сұрап отыр.
— Меніңше, ең қатаң түрде жазалау керек. Анасының жазасын жеңілдетуді сұрап отыр, анасы қайда қараған? Қызын тоқтатуы керек еді. Миллиардтап ұрлық жасауға қалай жол берген, — деді жәбірленуші Әмина Аймағанбетова.
Тағы бір жәбірленуші Р. Томашев бұл пікірді қолдады.
— Қор туралы мен тек экономикалық тергеу қызметінен естідім. Сондықтан айыптау тарапын толық қолдаймын, шығарылған шешіммен келісемін. Көптеген жәбірленушілер (Ғ. Алашбаеваның — ред.) жасына, денсаулығына байланысты жазасын жеңілдетуді сұрап жатыр.
Менің ойымша, мұндай жағдайларды түбегейлі тоқтату керек. Сондықтан шешімді өзгеріссіз қалдырып, жасын немесе ауруын сылтауратпаған жөн. Азаматтық талабымды қанағаттандыруды сұраймын, — деді жәбірленуші Руслан Томашев.
Бұған дейін прокурорлар Перизат Қайратқа — 10 жыл бас бостандығынан айыру, Ғани Алашбаеваға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.
Еске сала кетсек, Перизат Қайрат дайын диплом сатып алғысы келген әрекеті туралы жазған едік.
Сондай-ақ куәгер Перизат Қайрат қор қаржысын қалай қолма-қол ақшаға аударғанын айтып берді.
Сот барысында әйгілі әнші, отандасымыз Димаш Құдайбергеннің есімі аталды.
Белгілі болғандай тасқын кезінде Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкерлері 2,9 млн теңге жолдаған.
Істі қарау кезінде Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға қаржы аударған 47 адам жәбірленуші деп танылды.