Пермь қаласындағы түнгі клубта орын алған қайғылы жағдай кез-келгенімізге сабақ болуы тиіс - М.Демеуов

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Астана қалалық ІІД бастығы Марат Демеуов пен Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Жұмабай Іскендіровтың қатысуымен жедел жиын өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға қалалық ішкі істер департаментінің жеке құрамы, учаскелік инспекторлар, кәмелеттік жасқа толмағандар ісімен айналысатын инспекторлар, табиғатты қорғау және мал дәрігерлік бөлімі,  лицензиялық рұқсат беру бөлімі, сонымен қатар Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері қатысты.   

«Жаңа жылды қарсы алуға да аз уақыт қалды. Жас Астананың сұлулығына сүйсініп, жаңа жылды қаламызда қарсы алуға ниет білдіргендер саны күн сайын көбейіп келеді. Жер- жерден ағылған қала қонақтарының жақсы дем алуына барынша жағдай жасалуы қажет. Әрине, біздің басты мақсатымыз - қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Жуырда Ресейдің Пермь қаласында «Ақсақ ат» түнгі клубында орын алған қайғылы жағдай, кез келгенімізге сабақ  болуы керек. Оқиға өрт қауіпсіздігі салдарынан орын алып отыр. Апат айтып келмейтіндігін білесіздер», деді Марат Демеуов.

ІІД бастығы сонымен қатар арнайы жедел штаб құрылғандығын атап өтті. Құрамында учаскелік инспектор, лицензиялық рұқсат беру, Табиғатты қорғау және Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері кірген топтың әзірге 10-ы құрылған. Күн сайын топ құрамындағылар қала базарлары, сауда үйлерінде сатылатын пиротехникалық жарылғыш заттарға рұқсат беру жүйесін, олардың сапасы мен сақтау мерзімін тексереді. Ал көңіл-көтеру орындары, қаладағы жоғары, орта арнайы білім беру орындары мен мектеп, балабақшалардығы жаңажылдық шырша күнін тойлау мерекесін өткізудегі өрт қауіпсіздігінің алдын-алу шараларын түсіндіреді.

 Күні кеше елордадағы «Ажар» сауда үйінде полиция қызметкерлері рұқсат қағазынсыз пиротехникалық заттарды саудалап тұрған келіншекті анықтады. Одан үлкен төрт қорап атылғыш заттар тәркіленді.  Қазіргі уақытта осы азаматшаның үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 162 бабы бойынша  әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 20-дан 25-ке дейінгі айлық есептік көрсетіш көлемінде айыппұл салынады.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қалада бес заңды тұлғаның пиротехникалық заттарды саудалауға рұқсаты бар, ал қалған нүктелердегі сауданы заңсыз деп айтуға болады. Сонымен қатар  қалаға кіреберіс бекеттерде де қадағалау күшейтіліп, жол полициясы басқармасының қызметкерлері көліктерді тексеру жұмыстарын жүргізуде.