Перу билігі барлау қызметі бұрынғы басшысының бағалы бұйымдарын сатуға қоймақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Перу үкіметі бұрынғы барлау қызметінің басшысы Владимиро Монтесиностан тәркіленген алтын сағат пен басқа да бағалы бұйымдарды аукционға сатуға қояды, деп хабарлады Би-би-си.

Сыбайлас жемқорлық жасағаны және адам құқықтарын бұзғаны үшін айыпталып, ұзақ мерзімге сотталған Монтесинос қазір түрмеде жазасын өтеуде.

Перуандық билік сатылымға түскен 152 зергерлік бұйымдардан ең кем дегенде 1 млн. доллар қаржы түседі деген болжам жасап отыр.

69 жасқа толған Монтесинос 2000 жылы Перуде президент Альберто Фухиморидің отставкаға кетуімен аяқталған, сыбайлас жемқорлыққа байланысты туындаған жанжалдан кейін қашып кеткен. Алайда бір жылдан кейін ол тұтқынға алынды. Бәссауда 18 және 19 тамызда Перудың астанасы Лимада әділет және адам құқықтары министрлігінің ғимаратында өтеді.