Перу жағалауынан 500 дельфиннің өлексесі табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Перудің солтүстік жағалауындағы жағажайларда соңғы апта ішінде шамамен 500 дельфиннің өлексесі табылды. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлауда.

Оңтүстікамерикалық елдің теңіз институты ақпаратына қарағанда, дельфиндердің жаппай қырылуына байланысты арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Олардың міндеті орын алып отырған ахуалды барынша зерделеп, дельфиндердің неден өлгендігін анықтау болып отыр.

Перулік балықшылардың айтуынша, дельфиндердің біраз бөлігі ауға оратылып қалған жерінен табылған. Бұл жайт та сүтқоректілердің өліміне басты себеп болуда. Дегенмен, ғалымдардың пайымынша, дельфиндер теңізде сыртқы факторлардың әсерінен қырылған.

Қазіргі уақытта елдің табиғат қорғау қызметтері сүтқоректілердің өліміне су балдырларынан улану себеп болуы мүмкін деген пайымды да алға тартуда.