Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан өз Тәуелсіздігінің жаңа кезеңін теңдессіз конституциялық реформадан бастап отыр. Елбасымыз осы реформа шеңберінде алпысқа жуық өкілеттігінен бас тартып, оларды биліктің түрлі тармақтарына бекітіп беруді ұсынуда. Елбасымыздың ешқандай дау туғызбайтын билік функцияларын өз еркімен беру фактісінің өзі ерекше жағдай. Меніңше, бүгінгі әлемде бұған ұқсас мысалдар жоқ. Керісінше, билік басына келген адамдар бүкіл басқару тізгінін өз қолына жинауға ұмтылады»,-деп тоқталды А. Перуашев.
Осы орайда депутат заманауи қазақ мемлекетінің негізін қалаушы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің ата-бабаларымыздың асқақ арманын іс жүзіне асырып, кең-байтақ жеріміздің іргесін бекіткенін, ұлтымыздың басын біріктіріп, толыққанды мемлекеттік институттар, қуатты экономика құрғанын, халқымызға «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын бергенін атап өтті.
«Үнемі ұлттық мүдде үшін, парламентаризм мен бизнесті қолдау бастамаларын көтеріп келе жатқан «Ақ жол» партиясы Президенттің конституциялық реформасын жоғары бағалайды және Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ықтиярына алғысын айтады»,-деді ол.
Сонымен қатар Перуашев бірлескен отырыс барысында сөз сөйлеген депутат Хаменова мен басқа да әріптестерінің Тәуелсіздіктің қалыптасуында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атқарған айрықша рөлі мен мәртебесін Конституцияда бекітуді ұсынғанына айта келе, «Біз әріптестеріміздің ұсынысын қолдаймыз және оны бүгінде өзекті әрі негізделген қадам деп санаймыз»,-деді.