Перуашев телефондарды бұғаттауға қатысты пікірін білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев IMEI-кодтардың бірыңғай базасында тіркелмеген телефондарды бұғаттауды енгізу мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жалпы әлемдік үрдіс. Көптеген елдерде қандай да бір құрылғының иесі болуы керектігі бақыланады, сондай-ақ хат алмасулар да қажет жағдайда тексеріледі. Экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимыл аясында бұл үрдіс тұрақтанып келеді. Ал бізде нақты бір адамға тіркелмесе телефондарды бұғаттау туралы шешім жаңадан енгізілген талап деп айтуға келмейді. Себебі телефондар жеке куәлік арқылы рәсімделіп, сатылып жүргеніне бірнеше жыл болды»,-деді Перуашев Мәжілістегі жалпы отырыстан кейін тілшілер сауалына жауап беру кезінде. 

Осы орайда депутат бұл бағытта проблеманы байқап тұрмағанын атап өтті.

«Шын мәнінде мобильді құрылғыларды адамдар жиі ауыстырады. Бұл ретте азаматтар үшін осы қадамдар қандай да бір салдарын тигізеді деп ойламаймын. Екінші жағынан алып қарағанда, біз мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі екенімізді жете түсінуіміз қажет. Сондықтан да осыған байланысты туындаған барлық күдіктерді пысықтай отырып, бұл қадам уақыт талабына сай жасалғанына мән беру қажет»,-деді Перуашев.

Айта кетейік, Қазақстанда IMEI-кодтардың бірыңғай базасында  тіркелмеген телефондарды бұғаттау шаралары басталады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда телефондардың сәйкестендіру кодтарын (IMEI) міндетті тіркеу нормасы бекітілген. Қазіргі кезде IMEI-кодтардың бірыңғай базасын құру бағытында тиісті шаралар атқарылуда.