Перудің бұрынғы президенті мен оның әйелі 15 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: Фото: РИА Новости/Алексей Филиппов

АСТАНА. KAZINFORM – Перу соты екі сайлау науқанын қаржыландыру үшін бразилиялық Odebrecht құрылыс компаниясы мен Венесуэла үкіметінен төлемдерді қабылдағаны үшін бұрынғы президент Ольяна Умала мен әйелі Надин Эредияны кінәлі деп тапты. 

ВВС-дің хабарлауынша, олар сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Умала үкім шығарылғаннан кейін сот залында қамауға алынды. Судья сот отырысына қатыспаған оның әйелін де қамауға алуды бұйырды. Кейінірек оның Лимадағы Бразилия елшілігінен саяси баспана сұрағаны белгілі болды. 

2011-2016 жылдары президент қызметін атқарған Умала 2022 жылы Odebrecht төңірегіндегі ірі жемқорлық жанжалын тергеу аясында сот алдында жауап берген Перудің алғашқы басшысы болды. Биліктің мәлімдеуінше, бұған сондай-ақ басқа бұрынғы президенттердің де қатысы бар. 

1985-1990 және 2006-2011 жылдар аралығында мемлекет басшысы болған Алан Гарсиа 2019 жылы полиция оны тұтқындауға келгенде өз-өзіне қол жұмсады.

Алехандро Толедо (2001-2006 жылдардағы президент) өткен жылы миллиондаған доллар пара алғаны үшін 20 жылдан аса мерзімге бас бостандығынан айырылған. 

Сондай-ақ бұл қызметті 2016-2018 жылдары атқарған Педро Пабло Кучинскиге қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. 

Бұған дейін наурыз айында Перу президенті жалпыхалықтық сайлау күнін белгілегенін хабарлаған едік.