Перудің экс-президенті қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Перу соты экс-президент Мартин Вискарраны пара алды деген айыппен бес айға түрмеге қамау туралы үкім шығарды, деп хабарлайды Al Jazeera.
Сот отырысында судья Хорхе Чавес қашып кетеді деп, Вискарраны қамауға алуға бұйрық бергені хабарланды. Оған 11 жыл бұрын Мокуэгуа округінің губернаторы болып қызмет атқарған кезде пара алды деген айып тағылып отыр.
Вискарра тағылған айыптарды жоққа шығарып, оларды саяси қудалау деп атайды. Ол 2026 жылы тағы да президенттік сайлауға түсуді жоспарлаған. Маусым айында сот оны қамауға алу туралы бірінші өтінішті қабылдамай тастағанымен, прокуратура қашу қаупі бар деп, шешімге шағым түсірген.
Вискарра — соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық пен саяси толқуларға толы Перуде қамауға алынған бесінші экс-президент. Елде 2018 жылдан бері алты рет президент ауысты. Тағы 3 экс-президент — Алехандро Толедо, Олланта Хумала және Педро Кастильо — қазір Лимадағы бұрынғы мемлекет басшыларына арналған арнайы түрмеде отыр. Парламент 2020 жылы қызметінен шеттеткен Вискарраны да сонда ұстау жоспарланған. Түрме бастапқыда 2009 жылы адам құқықтарын бұзғаны үшін 25 жылға сотталған экс-президент Альберто Фухимориге арналып салынған. Ол 2023 жылы халықаралық соттың шешіміне қарамастан рақымшылықпен босатылып, бір жылдан кейін қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды.
Еске сала кетейік, Перу елінен 3800 жылдық ежелгі қала табылды.