***
«Бодан елдің бостан болуы оңай емес. Ал оны ұстап тұру, бекемдеу, баянды ету одан да қиын. Адамзат тарихында басы бұғауға түспеген елдер сирек, көбі бодандықта болып, азаттық алған елдер. Азаттық алғанымен, бодандық қамытын мойнынан біржола сыпырып тастай алмай жүрген елдер де кездеседі. Бұлардың қай-қайсысын алсақ та, үйренеріміз де, үлгі алар тұстарымыз да жетерлік», деп жазады Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы « Егемен Қазақстан » газетінің сенбілік санында жарық көрген « Перзент қарызы және Президент парызы » атты мақаласында. Автордың атап өтуінше, ана тілінің адам өміріндегі, ел тағдырындағы орны мен маңызының қаншалықты зор екендігін еліміздің әрбір азаматы, әсіресе, іс басындағы атқамінерлеріміз Елбасыдай түсініп, сол кісіше әрекет етсе, бүгінде өзіміз қолдан жасап жүрген көптеген кедергілердің бірі де болмас еді. «Елбасы айтқандай, «Ана тілін ардақтау - ешқашан ескірмейтін ұран». Сондықтан Ана тілінің айбарына айналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау ұстанымы Қазақстанның әрбір азаматының бетке ұстар темірқазығы болуға тиіс деп білемін», деп жазады Ө.Айтбайұлы.
Бүгін ел газеті « Егемен Қазақстанда » « Лидер » деген тақырыппен шетел президенттері, Үкімет басшылары, көрнекті саяси және дін қайраткерлерінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқан пікірлері берілді. Мәселен, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «Сіз интеграциялық үдерістерде, әсіресе, оның ең мәнді нысандары мен түрлері бойынша сөзсіз көшбасшысыз. Қазақстанның қол жеткізген табыстары Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Сіздің еңбегіңізді өз отандастарыңыз ғана емес, миллиондаған ресейліктер де шынайы құрмет тұтады», дейді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин: «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бастамашысы - Нұрсұлтан Назарбаев. Біз оның үлкен саяси көрегендігі мен аймақтық қауіпсіздік пен әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуді өзінің парызы санайтын қасиетіне тәнтіміз», дейді. АҚШ Президенті Барак Обама да Қазақстанға Ауғанстандағы жағдайға байланысты нақты ұстанымы үшін ризашылық білдіріп, Елбасымыздың ұлтаралық және діни төзімділікті ілгерілетудегі күш-жігерін жоғары бағалайтындығын білдірген.
***
« Айқын » газетінің бүгінгі санында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлеген Мұхамеджановпен арадағы сұхбат «Астана Опера» театрының бас сәулетшісі - Елбасы» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Сарыарқа төрінде бой көтерген бірегей ғимарат Елбасының тікелей бастамасымен салынды. Алғашқы кірпіші қаланған сәттен бастап, құрылыс жұмысы аяқталғанша жеке бақылауына алып, мұқият қадағалап отырды. Ресми ашылуына дейін Ұлт Көшбасшысы өзінің «Қазақстан - 2050» стратегиясын осы сахнадан жариялаған еді. Дәл осы 2012 жылдың 14 желтоқсаны біздің театрдың жылнамалық шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Ал 2013 жылғы 21 маусымда Мемлекет басшысы салтанатты түрде тұсауын кесіп, өнер ошағын ел игілігіне ұсынды», дейді. Оның пайымынша, бұл театр сәнге тұрғызылған жоқ. Кез келген адамның қалаған уақытында келіп, қойылымдарды тамашалауына болады. Билет бағасы 500 теңгеден басталады. Әлемдік театрлардың алдыңғы орындары 500 евро болса, бізде әзірге 30 мың теңге. «Алдағы уақытта өсуі де мүмкін. Бірақ қалай болғанда да өнер - халықтікі емес пе? Сондықтан билет бағасы елдің қалтасына орайлы болу керек деп есептеймін», деді Т.Мұхамеджанов.
Мемлекет құру қамында жүрсе де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың намысын сөзбен қайрай білді. Үкілеген үмітін оятты. Қазақтың тарихы, мәдениеті Тәуелсіздікке қызмет етсін деген ниетпен қиын да күрделі кезеңде ел-жұртқа шынайы Көшбасшы бола білді. Елбасының әр кездері айтып жүрген елдік, мемлекетшілдік, мәдениет пен руханият қайнары туралы ойлары - осының дәлелі. Бүгін « Айқын » газетінде Мемлекет басшысының « Тарих толқынында » атты еңбегінен үзінділер берілді. Мәселен, ҚР Президентінің пайымынша, түптеп келгенде, көптеген қарапайым қазақтың өз тегіне ден қоюы қазақ ұлтының төл болмысына тән танымға деген іңкәрлігіне байланысты. Мұндай іңкәрлік азат мемлекет аясында одан әрі дамып, әртүрлі қиындықтармен беттескенде кім-кімнің де парасат-пайымына бағдаршы болып отыруға тиіс. «Мәдениет зерттеушілерінің өздеріне тән кәсіби сөз орамдары бар, сондай сөз орамдарының бірі мәдениеттің екпіні деп айтылады. Мұны қарапайым тілге келтіріп айтқанда, дәстүрдің, толғамның, әдеттің, т.б. сабақтастығы дегенді білдірер еді. Шынында да, «Қаракөзді» білмеген, домбыра үніне ұйымаған, жусанды даланың иісін аңсамаған қазақты қазақ деп айтудың өзі қиын-ау. Жалпыұлттық мәдени құндылықтардың осынау тетігі, яғни «сезім құралы» әрқашанда, әр жерде де, әр халық болмысы мен әр ұрпақ бойында да ұдайы сабақтасып отырады. Мұнсыз «ұлттық даралық» та, ұлттың өзі де болмақ емес», дейді Елбасы.
***
« Казахстанская правда » газетінің жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесті. Жүздесу барысында Мемлекет басшысы ТМД елдерінің қорғаныс ведомстволары басшыларының тұрақты кездесулерінің маңыздылығын атап өтті. «Біздің мемлекеттеріміздің бірлескен тәжірибесі, адами байланыстар, ортақ білім берудің әскери саланы да қамтыған ортақ үрдісі, қару-жарақтың бірыңғай түрімен жабдықтау, сондай-ақ сыртқы шекараларды қорғаудың ортақ кеңістігі - осының бәрі тығыз байланыстарды бұдан әрі де сақтау қажеттігін білдіреді», - деді Қазақстан Президенті.