ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылыту маусымы басталғалы бері өңірде 5 адамға, оның ішінде 3 балаға иіс тиген.
Медициналық мекемеге жатқызылған олардың барлығы аман-есен.
«Көбіне халық қарапайым ұмытшақтық салдарынан уланып жатады. Тұрғындар мұржадағы жапқышты ашуды есінен шығарып, пешті уақытылы тазаламайды. Улы газдың иісі мен түсі жоқ. Сондықтан ол өте қауіпті. Тыныс алу кезінде ағзаға, одан кейін өкпеден қан айналым жүйесіне енеді. Адамның жүйке жүйесіне зақым келтіруі ықтимал. Бұл әсіресе кішкентай балалар үшін аса қатерлі», - дейді құтқарушылар.
Азаматтар сақтық шараларын әрдайым қаперде ұстау керек. Мұржаларды тазалау кезінде жарықтар мен ақауларды жою қажет.
Жылыту маусымында пешті кемінде 3 айда бір рет тазалауы тиіс. Отты тұрғындар ұйқыға кеткенге дейін кемінде 2 сағат бұрын жаққан жөн.
Күлге су төгіп, үйден кемінде 15 метрдей жерге шығару керек.
«Бүгінде құтқарушылар Шығыс Қазақстандағы 148 000 үйді аралап шықты. Әр үй иесіне пешті қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ 8 мыңнан астам жалғызбасты қарттар, мүгедектер мен көпбалалы отбасылар тұратын үйлерге улы газ датчиктері орнатылып жатыр», - деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Серік Амангелдин.