Песков: Қазақстан Президенті мықты саяси тұлға

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өте мықты саяси тұлға деп атады. Бұл туралы Kazinform « Вести » ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Ақорда

Кремльдің ресми өкілі бұл туралы журналист Павел Зарубинге берген сұхбатында айтты.

Песков Тоқаевтың Владимир Путин туралы айтқан сөзіне пікір білдірді.

— Президент Тоқаев — өте мықты саяси тұлға. Оның саяси ресурсы да өте ауқымды. Болашақты саяси тұрғыдан көре білетін, ұстанымы берік әрі дәйекті адамдар ғана осындай пікір айта алады. Басқалары бұлай айта алмайды, — деді Песков.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинді жақсы білетінін айтып, оның тарихы күрделі ірі мемлекетті басқаруға қажетті қасиеттерге ие екенін мәлімдеген болатын.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин алдағы кездесулер мен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаған еді.