Песков Путиннің Қазақстанға сапары туралы: Ресей маңызды келісімдерге қол жеткізуді күтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей тарапы Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарына үлкен үміт артатынын мәлімдеді.

Фото: Михаил Джапаридзе/ ТАСС

Д. Песковтың айтуынша, екі ел арасында көпжақты ынтымақтастық қалыптасқан және сапар барысында бұған дейін қол жеткізілген бірқатар келісімді бекіту жоспарланып отыр.

– Біз бұл сапарға үлкен үміт артамыз. Екі ел арасында түрлі салада жан-жақты ынтымақтастық пен байланыс орнаған. Бүгін де бірқатар келісім ресми түрде бекітіледі. Қандай құжаттарға қол қойылатынын алдын ала айтудың қажеті жоқ. Қазір құжаттарға қол қою және олармен алмасу рәсімі өтеді. Оның ішінде мемлекет басшылары деңгейіндегі саяси әрі тұжырымдамалық құжаттар да, министрліктер, ведомстволар және компаниялар деңгейіндегі салалық келісімдер де болады, – деді Дмитрий Песков Астанадағы Тәуелсіздік сарайының кулуарында.

Сонымен бірге, РФ президентінің баспасөз хатшысы Ресей үшін Қазақстанмен қарым-қатынастың ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Мұның бәрі біз үшін өте маңызды. Қазақстан – біздің одақтасымыз әрі стратегиялық серіктесіміз. Сондықтан бұл сапарға айрықша мән беріп отырмыз, – деді ол.

Айта кетейік, 27-29 мамыр күндері Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді. Мемлекеттер басшылары бұл сапарда Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды.

Бұған дейін Kazinform тілшісі екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі даму үрдістері мен алдағы перспективасына шолу жасаған еді.