Петербор форумының Қазақстанға арналған сессиясында не айтылды

Фото: ТАСС

МӘСКЕУ. KAZINFORM - 2025 жылғы Петербор халықаралық экономикалық форумы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты талқылауға арналған тиімді алаңға айналды. Бұл туралы «Kazinform» агенттігінің тілшісі хабарлады.

Бұл бизнес-диалог билік өкілдері, бизнес қауымдастықтар мен даму институттарын біріктіретін басты іс-шара мәртебесін нығайтты. Талқылауда өнеркәсіптік кооперация, инвестициялар, логистика, бизнес қолдауы және басқа да маңызды бағыттар басты орын алды.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев екі ел арасындағы стратегиялық байланыстардың маңыздылығын атап өтті.

Фото: видеодан алынған кадр

 

- Ресей – Қазақстанның негізгі сыртқы сауда-экономикалық серіктестерінің бірі, инвестициялар мен тауар айналымы көлемі жоғары деңгейде. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 27 млрд АҚШ долларына жеткен. Алдағы уақытта оны 30 млрд-қа және одан да асыру жоспарланған, - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Сонымен қатар Ресейден Қазақстан экономикасына түскен инвестициялар 4 млрд. долларға (былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда +32%) дейін өскені айтылды. Елде ресейлік қатысуы бар 23 мыңнан астам компания тіркелген. 48 млрд. долларға жуық сомаға 170-тен астам серіктестік өнеркәсіптік жоба іске асырылып жатыр. Негізгі бағыттарға - Sibur-мен бірге полипропилен өндіру, агроөнеркәсіп кешені, мыс және никель сияқты маңызды ресурстарды игеру және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту кіреді.

Қазақстан экономикасын цифрландыруды жандандырып, геологиялық барлауды кеңейтіп жатыр. Сондай-ақ, туризмнің өсуіне назар аударылды - 2024 жылы Қазақстан ресейлік туристер үшін ең танымал үш бағыттың қатарына кірді.

Ресей–Қазақстан кәсіпкерлік кеңесінің төрағасы Эдуард Давыдов кәсіпкерлік кооперацияны қолдаудың маңызды рөлін айтты. Бүгінде аталған жүйе үкіметаралық комиссиялардан бастап сауда өнеркәсіп палаталары мен даму институттарына дейінгі кең ауқымды алаңдарды қамтиды. Ол өнеркәсіптік өндірісті тұрақты өсудің негізгі қозғаушы күші деп бағалап, Қазақстанда өнеркәсіптік өндіріс 2024–2025 жылдары 2,7%-ға өскенін атап өтті. Инвестициялар мен ресейлік қатысуы бар кәсіпорындардың санының өсуі осы көзқарасты растайды. Давыдов ұлттық қолдау институттарының мәртебесін күшейтіп, химиялық өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық перспективаларына көңіл аударуды ұсынды.

Фото: видеодан кадр

 

ЕЭК өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені министрі Гоар Барсегян Қазақстан мен Ресейдің еуразиялық интеграцияның белсенді мүшелері екенін, сенімді өнеркәсіптік база мен ортақ нарыққа қол жеткізу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті. Ол экономиканың нақты секторын - маңызды өсіп-өну және жұмыспен қамту көзі деп атап өтті.

Фото: видеодан алынған кадр

«Славтранс-Сервис» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Голланцев CRK Terminal (Қытай-Ресей-Қазақстан терминалы) логистикалық жобасын таныстырды. Жоба аясында теміржол желілері, қоймалар және бақылау бекеттері салынды. Айта кетерлігі, жоба аясында 10 млрд рубль көлеміндегі мультитауарлық қойма салынып жатыр, ал уақыт өте келе Қытайда Сиань қаласынан айына 30 пойыз шығару жоспарланған.

«Мәскеу экспорт орталығының» директоры Виталий Степанов Қазақстан басымдық берілетін ТОП-3 экспорттық бағыт қатарына тұрақты кіретінін, 2025 жылғы тамызда «Балалық шақ» халықаралық көрмесіне және қыркүйекте бизнес-миссияға қатысу жоспарланғанын атап өтті.

«Астана» ХҚО департамент директоры Жанна Диярова Қазақстандағы халықаралық қаржы орталығы - ағылшын құқығы негізінде құрылған заманауи экожүйені таныстырып өтті. Қаржы орталығы дивидендтер мен капитал өсімінен салықтан босату қызметтерін, халықаралық арбитраж және ашық қаржы инфрасқұрылымын ұсынады. Қазірге дейін 80 мемлекеттен 4000-нан астам компания (соның ішінде 50%-дан астамы ресейлік қатысуы бар) тіркелген.

Фото: видеодан кадр

 

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов ЕАЭО шеңберіндегі өндірістік тізбектер құрылымының маңыздылығын атап өтті. Ол өнеркәсіптік кооперация мен ауыл шаруашылығы арасындағы синергетикалық әсер туралы және нақты кәсіпорындар деңгейінде серіктестікті тереңдету қажеттігін баса айтты.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Айбол Аргынгазинов ҚР мен РФ арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеует бар екенін жеткізді. Ол басым бағыттар ретінде көлік пен логистика, агроөнеркәсіп, тау-кен металлургия саласына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан геологиялық барлауға ерекше назар аударып отыр.

Қорытындылай келе, бизнес-диалог өнеркәсіптік кооперация, логистика, агроөнеркәсіп және басқа да негізгі салалар тұрақты серіктестіктің негізі екенін көрсетті. Бұл тек тауар айналымы мен инвестиция өсімі емес, сонымен қатар интеграцияланған құн тізбектерін қалыптастыру, технологиялық тәуелсіздік пен өзара сенімнің маңыздылығын белгілеп өтті.