Солтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаевтың айтуынша, қызметтік тергеу барысында шенеуніктің қызметтік этиканы бұзғаны белгілі болған.
«Қала әкімі Марат Тасмағамбетовті шақыртуға тура келді. Ол әдепсіз қылық көрсеткенін мойындады. Облыс әкімі аппаратынан М. Тасмағамбетовке ескерту жасалғаны туралы жауап келді. Мемлекеттік қызметкерді бір әрекетті екі мәрте қайталағаны үшін жазалай беруге болмайды. Тексеріс өткізілді. Бұл мәселе Этика кеңесінде талқыланбайтын болды, себебі шенеунік әлдеқашан жазасын алған» , - деді Ғ. Тұрсынбаев.
Еске сала кетейік, аталмыш мәселе төңірегінде тергеу жүргізуге ұялы телефонда түсірілген видео себеп болған. Онда қала басшысы ұзақ уақыт бойы ботаникалық бақты басқарған Қазақстанға еңбегі сіңген агроном Равиль Рязаповпен дөрекі сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Олар оранжереяны қайта қалпына келтіру мәселесі бойынша келіспей қалған.
Қаланың құрметті азаматы мен әкімнің арасындағы кикілжіңді кездесуге қатысқандардың бірі ұялы телефонына түсіріп алған.