Тамыз айында бұл жерде облыстағы IT-технология орталығы, сонымен қатар киностудия, әртүрлі үйірмелер, киберқорғаныс сияқты көптеген заманауи кабинеттермен қамтылған Оқушылар сарайы ашылмақ.
«Мұнда ерекше дүниелер жинақталатындықтан, Оқушылар сарайы Ресейдің де балаларын қызықтыратын болады»,-дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Дәл осы шағын ауданда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына арналған 332 пәтерлік жаңа баспана тұрғызылуда. Мұнда әрқайсысы 90 орындық екі шағын-орталық ашылмақ. «Основание» ЖШС директоры Сергей Тимофеевтің айтуынша, жаңа үй 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында тапсырылады деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны 3,7 млрд теңге.
Шағын ауданда сонымен қатар, мектеп, қазақ театры, заманауи сәулетпен әрленген жаңа үйлер пайда болады. Теннис орталығы мен Оқушылар сарайы қазірдің өзінде тұрғызылып қойған.