Петропавл атауы өзгере ме - облыс басшысының жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық комуникациялар қызметіндегі брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласының атауы өзгереді деген әңгімелерге соңғы нүкте қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петропавл қаласының да, облыстың да атауы өзгермейді. Бұл әңгімелерді біреулер айтып жүр. Оны естіп, біліп отырмын. Бірақ, бүгінгі күні қала атауын өзгертуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Оған  әлі ерте деп есептеймін», - деді Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетейік, Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту туралы бастама осыдан біраз жыл бұрын көтерілген болатын. Тіпті, 2010 жылы Мәжілістің бір топ депутаты сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, онда Петропавл қаласына ежелгі Қызылжар атауын қайтару туралы  мәселеге қозғау салуды өтінген еді.

«Солтүстік Қазақстан облысының орталығы - Петропавл қаласына ежелгі Қызылжар атауын қайтару туралы  мәселеге қозғау салуыңызды және оны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қарауына енгізуіңізді сұраймыз. Бұл мәселе өз шешімін тапқанша, күн тәртібінен түспек емес. Уақыт осыны талап етіп отыр. Сондықтан ерте ме, кеш пе оны қарауға тура келеді. Осындай халық көптен күткен шешім қоғамымызда түсіністік ахуалы қалыптасып отырған бүгінгі таңда қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді», - делінген еді депутаттардың сауалында.