Петропавл ботаникалық бағы: жаңа мәртебе алған нысанның болашағы не болмақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Ботаникалық бақ биыл ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алды. Бұл - нысанды жылдар бойы сақтап қалуға күш салған ұжым үшін үлкен жетістік.

Фото: Артур Рязапов

Алайда ұзақ жылға созылған күрес мұнымен аяқталған жоқ. Бақтың мәртебесі бекітілгеннен кейін оның әкімшілік ғимаратына қатысты дау қайта көтерілді.

Ботаникалық бақ директоры Артур Рязаповтың айтуынша, қаржыландыру мәселесі де өзекті. Бүгінде қызметкерлердің жалақысы мен қазан айындағы шығындарды өтеуде проблема туындаған.

Фото: Артур Рязапов

Өмірін арнаған іс

Петропавлдағы Ботаникалық бақтың тарихы 1912 жылдан басталады. 114 жыл ішінде түрлі кезеңді бастан өткерді, соғыс жылдарынан да, тоқсаныншы жылғы тоқыраудан да аман өтті.

Бақ онда сақталған өсімдіктер коллекциясымен, қалыптасқан кәсіби тәжірибесі бар ұжымымен құнды. 

Бақтың қазіргі басшысы Артур Рязаповтың айтуынша, оның отбасы үшін бұл нысан жай ғана жұмыс орны емес. Әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, профессор, Петропавлдың құрметті азаматы Равиль Рязапов бақтың сақталуына өмірінің едәуір бөлігін арнады. Артур да әкесінің ісін жалғастырып келеді.

1990-жылдар: бақты сақтап қалу үшін күрес

Бақ үшін ең күрделі кезеңдердің бірі — 1990-жылдардың соңы болды. Бұрынғы экономикалық жүйе ыдырап, көптеген нысандардың болашағы белгісіз болған кезде жылыжай кешенін сақтап қалу мәселесі туындаған. 

— Қаладағы нысандар қолдан қолға өтіп, сатылып жатты. Кейбір тарихи ғимараттар есік-терезесіз қалып, олардың болашағы бұлыңғыр еді. Осындай қиын кезеңде оранжереяны, оның ғимараттарын, инженерлік инфрақұрылымын сақтап қалу үшін әкем Равиль Хасанұлы көлік жүргізушісі арқылы еліміздің Бірінші Президентіне хат беріп жібереді. Осылайша қиын кезеңде оранжереялық кешенді сақтап қалды, — дейді Артур Рязапов.

Кейін де бақтың бақтың болашағына бірнеше рет қауіп төнді. Мүлікті жекешелендіру, мекеменің бағыныстылығы, заңды тұлғаның мәртебесі секілді мәселелер бойынша отбасы мен жергілікті билік арасында келіспеушіліктер болған. Рязаповтың айтуынша, кей жылдары бақты сақтап қалу үшін сотқа жүгінуге, түрлі мемлекеттік органдарға хат жазуға және республикалық деңгейде мәселе көтеруге тура келген.

— Басты мақсат біреу болды — бақтың өзін ғана емес, оның кәсіби ұжымын және өсімдіктерді сақтау еді. Ең қиыны, ұжымға өзіңнің әлсіз екеніңді көрсетпеу. Қанша ауыр болса да, қызметкерлерге ертең бәрі жақсы болады деп сендіру керек болды, — дейді Артур Рязапов.

Фото: Артур Рязапов

Көпжылдық күрестің нәтижесі және жаңа дау

Биыл 23 шілдеде Петропавл ботаникалық бағына жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілді. Маманның айтуынша, бұл шешім бақтың табиғи және тарихи құндылығын ресми түрде мойындаудың белгісі.

Алайда, нысанды дамытуға, ғылыми бағытты күшейтуге және өсімдіктер коллекциясын сақтауға мүмкіндік артады деген ұжымның қуанышы ұзаққа бармады. 

Қазір Ботаникалық бақтың негізгі аумағы мен жылыжай кешені мемлекеттік меншікте.

Ал әкімшілік-тұрмыстық ғимарат отбасы Рязаповтардың меншігінде.

— Қала әкімімен кездесуде осы ғимаратты қала меншігіне беру мәселесі көтерілді. Бірақ, мен қарсымын. Балама ретінде мүлікті мәжбүрлеп тартып алмай-ақ, мемлекетке бақты дамытуға мүмкіндік беретін жалға алу, сенімгерлік басқару немесе бірлесіп қызмет етудің өзге де нұсқаларын қарастыру ұсынылды. Алайда, ортақ мәмілеге келе алмадық.

Бұл жағдайда әкімдіктің ғимаратты алу арқылы нақты не нәрсеге қол жеткізгісі келетіні түсініксіз. Өйткені бұл нысан оранжерея емес, онда өсімдіктер өсірілмейді. Бұл тек қосалқы функцияларды атқаруға қажетті әкімшілік-тұрмыстық үй-жай.

Ендеше, бұл нысанның отбасы иелігінде қалуы бақтың дамуына неліктен кедергі келтірмек? Ғимаратты оны сақтап қалған адамдардың меншігінде қалдыра отырып, кешеннің мемлекеттік бөлігін жаңа мәртебеге сай дамытуға мүмкіндік беретін құқықтық әрі шаруашылық үлгіні неге тауып алмасқа? — дейді Артур Рязапов.

Бақ директорының айтуынша, ғимарат төңірегіндегі әңгімеде жөндеу мәселесі де жиі көтеріледі.

— Нысанды өткізуді талап етушілердің басты уәждерінің бірі — ғимараттың жаңартуды қажет ететіндігі. Олар оның қазіргі сәулеттік безендірілуі өткен ғасырға жататынын айтады. 

Мен онымен келіспеймін, тарихи нысанның түпнұсқасын сақтап, кешен бой көтерген кезеңнің атмосферасын барынша қалдыру керек деп есептеймін. Бұл — біздің ерекшелігіміз. 

Бірақ бұл жөндеу жұмыстарынан бас тарту дегенді білдірмейді. Бұл жердегі негізгі мәселе — жаңарту арқылы тарихи ортаны жоймай, қалыптасқан бейнесін ескеруі қажет, — дейді Артур Рязапов.

Фото: Артур Рязапов

Бақ басшысы жергілікті мәселені енді республикалық деңгейде қарауды сұрап отыр. Оның айтуынша, негізгі мақсаты — жергілікті атқарушы органдармен арадағы дауға нүкте қойып, бақтың әрі қарайғы дамуына тұрақты жағдай жасау.

Артур Рязапов бірнеше мәселені жедел шешу керек екендігін айтты. Оның ішінде әкімшілік ғимараттың тағдыры, бақтың қаржыландырылуы, ұжымның жұмыс жағдайы және нысанның болашағына қатысты шешімдердің ашықтығы бар.

Ол сондай-ақ жергілікті органдар тарапынан қолға алынған жұмыс бақтың кәсіби ұжымымен ақылдаса отырып қабылдануы қажет деп есептейді.

— Бізге ерекше жағдай немесе артықшылық керек емес. Тек бақтың болашағына сенімді болғымыз келеді. Ертең тағы бір шешім шығарып, бірнеше жылдық еңбегіміздің бәрі қайтадан еш болмаса екен, — дейді Артур Рязапов.

Қаржы мәселесі де көтерілді

Қазір ботаникалық бақ алдында мүлікке қатысты даудан бөлек, қаржыландыру мәселесі де тұр. Артур Рязаповтың айтуынша, мекеменің облыстық бағыныстан қалалық деңгейге өтуіне байланысты қыркүйек айында қаржыландыру мәселесі туындаған. Бұл жағдай қызметкерлердің еңбекақысына және коммуналдық төлемдерге әсер еткен.

— Қызметкерлерге жалақы төлеу үшін коммуналдық шығындарға қарастырылған қаражатты пайдалануға мәжбүр болдым. Алайда мұндай тығырықтан шығу жолы жаңа мәселені тудырады. Жалақыға бағытталған қаражатты енді бастапқы мақсатына жұмсау мүмкін емес. Демек, коммуналдық қызметтер ақысын төлеуде, келісімшарттық міндеттемелерді орындауда және ғимараттарды қысқа дайындау жұмыстарында мәселе туындайды.

Егер жағдай өзгермесе, қазан айының жалақысын қай қаражаттан төлейтінімді білмеймін. Әрбір жұмысшының отбасы, күнделікті шығындары мен міндеттемелері тұр. Адам дүкенге немесе банкке барып, мемлекеттік мекемені өткізу рәсімдерінің аяқталмауына байланысты жалақысының кешігіп жатқанын түсіндіре алмайды ғой, — дейді бақ директоры.

Ботаникалық бақ үшін қысқа дайындық та ерекше маңызды мәселе. Еліміздегі ең көне оранжереялық кешенде тропикалық және субтропикалық өсімдіктер өседі, олардың көбі Солтүстік Қазақстанның қатал қысына мүлдем бейімделмеген. Өсімдіктерді күтіп-баптау белгілі бір температуралық режимді және инженерлік жүйелердің мінсіз жұмысын талап етеді. Сондықтан жылыту маусымының кешігуінің салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.

— Келісілген қаржыландырудың жоқтығынан жылыту жүйесін жуу, қысыммен тексеру және кешенді жылыту маусымына дайындау жұмыстары тоқтап тұр.

Қазір өсімдіктерді күтіп-ұстаудың базалық жағдайлары жасалмаса, бақты сақтап қалу үшін жасалған көпжылдық еңбек, сот процестері, нысанды қорғау мәртебесін алу жолындағы күрестің бәрі еш кетуі мүмкін.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алуға болады, бірақ қаржыландыру болмаса, ол мәртебе оранжереяны жылытпайды, — дейді бақ директоры. 

Бұған дейін Петропавлдағы ботаникалық бақ аумағына есірткі жасырушылар көбейгенін жазған едік.