Петропавл эвакогоспитальдерінде емделген жауынгерлердің 71 пайызы қайта майданға аттанған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Екінші Дүниежүзілік соғыс уақытында Петропавл маңызды медициналық орталыққа айналды. Қалада бес эвакуациялық госпиталь жұмыс істеді.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, Қазақстандағы алғашқы эвакуациялық госпитальдар өз жұмысын Петропавлда бастады. 1942 жылғы қаңтар-ақпанда Солтүстік Қазақстан облысында 5 эвакуациялық аурухана құрылып, жұмыс істеді: солардың үшеуі — № 2446, № 3595, № 3813 госпитальдері Петропавлда болды.
— Олар облыстық және бірінші қалалық ауруханалардың, қалалық Пионерлер үйі мен Герцен мектебінің ғимараттарында орналасты. Орта медициналық қызметкерлер медбикелер мектебінің түлектерімен толықтырылды, ал дәрігерлер басқа қалалардан немесе жараланғаннан кейін келді. № 2446 эвакогоспиталінде ІІІ дәрежелі әскери дәрігер — Адамов, № 3595 эвакогоспиталінде ІІ дәрежелі әскери дәрігер Купицкий, № 3813 ауруханасында ІІ дәрежелі әскери дәрігер Авернеев басшы болды, — дейді Сәуле Мәлікова.
Олардың әрқайсысы өзіне тиесілі міндеттерді атқарды.
№ 2446 эвакогоспиталь
Бұл госпиталь физиотерапиялық емхана ғимаратында орналастырылды. Мұнда жараланған жауынгерлерге қалпына келтіру емі жүргізілді.
№ 3813 эвакогоспиталь
Бұл госпиталь 1941 жылдың қараша айында Пионерлер үйі мен мектеп ғимаратында ашылды. Ол негізінен психоневрологиялық аурулар мен контузия алған сарбаздарды қабылдаған сұрыптау госпиталі болды. 1942–1943 жылдары мұнда 100 орындық протездеу бөлімі жұмыс істеді.
№ 3595 эвакогоспиталь
Бұл госпиталь 1-ші қалалық аурухананың базасында орналастырылды. Негізгі бағыты — нейрохирургиялық, жақ-бет, көз және ЛОР жарақаттарын емдеу.
— Құжаттар бойынша № 3813 госпитальдегі әр бөлімшеде 1942 жылдың 1 қаңтары мен 25 шілдесі аралығында сауатсыздықты жою бойынша үйірмелер ұйымдастырылды. Осы кезеңде мұнда әріп танымайтын 94 адам және сауаты аз 115 адам оқытылды. Мүгедектер арасынан 12 есепші дайындалды, олар кейін колхоздарда жұмыс істеді, — дейді архив директоры.
Құжаттарға сүйенсек, соғыстың барлық жылында өкпе туберкулезі бірінші орында, екінші орында туберкулез этиологиясы жоқ өкпе аурулары, үшінші орында асқазан жарасы және жүрек-қан тамырлары аурулары тұрған.
— 1942 жылдың ортасына қарай үш эвакуациялық ауруханада екі мыңнан астам жаралы ем алды. Эвакогоспитальдардың бірінші жылында емделген жаралылардың 71% майданға оралды.
Дәрігерлерге сол кездегі облыстық «Ленин туы» газеті арқылы медициналық қызметкерлерге, дәрігерлерге алғыс айтты. Мәселен, 1941 жылғы 7 қарашадағы газетте лейтенант Пугачев № 3595 госпиталь жаралыларының атынан дәрігерлер Г. А. Старовойтоваға, К. М. Глазковаға, апалы-сіңлілі Рязаповаларға, Константиноваға, Мұстаеваға алғыс білдірді.
Сондай-ақ эвакогоспитальдарда Петропавл әйелдері жұмыстан кейін кезекшілік етті. Олар палаталарды гүлдермен безендіруге тырысты. Майдангерлердің туыстарына хат жазды, — дейді Сәуле Мәлікова.
1941-1945 жылдары Петропавл қаласының эвакогоспитальдарында алған жаралардан қайтыс болған жауынгерлер қазіргі Ғабит Мүсірепов көшесіндегі қалалық зиратқа жерленді. Мұнда қайтыс болған жауынгерлердің есімдері жазылған мүсіндік ескерткіштер мен ескерткіш тақталар орнатылған.
Бұған дейін Петропавлда соғыс уақытындағы маңызды нысандардың онлайн картасы жасалып жатқанын жазған едік.