Петропавлда 17-18 қыркүйек күндері су болмайды. Облыс орталығын сумен қамтитын «Қызылжар су» ЖШС осы аралықта сумен жабдықтау желіcінде дезинфекциялау және жуып-шаю жұмыстарын жүргізбек. Бұл жыл сайынғы профилактикалық жұмыс, судың сапасын жақсарту үшін қажет.
Шаһарда су 17 қыркүйекке қараған түні сағат 00:00-де сөндіріледі. Екі күн тұрғындар сусыз отырмауы үшін мамандар хабардар етіп, ыдыстарға алдын ала су толтырып алуға кеңес беруде. Су берілгеннен кейін де оны бірден пайдаланбаған жөн. Өйткені техникалық су ағып, құрамында хлор болады.
«Жазда Есіл өзенінің су температурасы көтеріліп, су қоймасында микробиология көрсеткіштері артады. Салдарынан судың сапасы нашарлайды. Су сапасын қалыпты ұстау мақсатында су желісі толық жуылып, зарарсыздандырылады. Жалпы беріліп жатқан судың сапасын бақылауда ұстау үшін күнделікті қаланың әр ауданынан 15 сынама алып тексереміз», - дейді «Қызылжар Су» ЖШС-нің зертхана меңгерушісі Галина Тюменева.
Ал жұмысын тоқтатуға болмайтын кәсіпорындарға, наубайханаларға, нан комбинаттарына қажетті су жеткізіліп отырады. Сол сияқты ауруханаларға да бұл күндері су тасымалданады.