Петропавл қаласының тұрғындары өз учаскелік инспекторларына тегін телефон шала алады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында тұрғындар енді үй телефонынан да учаскелік инспекторының ұялы телефонына тегін хабарласа алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл - Петропавл қалалық полиция басқармасы мен «Қазақтелеком» АҚ бірлескен жобасы аясында мүмкін болып отыр. Тәртіп сақшысына хабарласу үшін оның ұялы телефон нөмірінің соңғы алты цифрын білсе болғаны.

«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында учаскелік инспекторлар пәтер-пәтерді аралап, тұрғындармен тығыз байланыс орнатты. Рейд барысында олар аты-жөндері және байланыс нөмірлері бар визиткаларын таратты. Қалалық учаскелік 73 инспектор бүгінде іс-шараны өткізді. Олардың телефоны күні-түні қосулы. Тек демалысқа кеткенде ғана сөндіре алады. Ал жоба іске қосылғалы қала тұрғындары өз инспекторларына тегін хабарласып, мәселені бірлесе шеше алады. Бұл екі жаққа да тиімді», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Әлібек Ғабдулин.

Полиция департаменті барлық бөлімшелерімен байланысу үшін цифрлы автоматтандырылған 7 телефон стансасын қолданады. Ал «102» нөміріне ұялы телефоннан да тегін хабарласып, полицейлерді шақыртуға болады.