Петропавл маңындағы өртті сөндіруге 110 маман мен 30-дан астам техникаа жұмылдырылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының маңындағы өртті сөндіруге төрт жауынгерлік учаске құрылды.

Фото: СҚО ТЖД

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шаховское ауылының маңында шыққан өрт шамамен 6 га аумақты шарпыған.

Мамандар бірнеше сағат бойы тілсіз жаумен күресіп жатыр.

— Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер бір учаскедегі жануды толық сөндірді. Қалған екі учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жалынмен күреске СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің 110 қызметкері мен 31 техникасы жұмылдырылған, — делінген баспасөз хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, оқиға орнында жедел штаб құрылған. Сонымен қатар, теміржол кәсіпорнының өрт сөндіру пойызы қосымша тартылды.

Жағдайды қатты жел қиындатып отыр. Қазіргі уақытта құтқарушылардың басты міндеті өрттің жеке тұрғын үй секторына және саяжай учаскелеріне таралуына жол бермеу.

Жағдай ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында.

Бұған дейін Петропавл маңында құрғақ шөп жанып, қатты жел оның жайылуына әсер еткенін жазған едік