Петропавл мектептерінде 49 ер кісі жалғызілікті әке ретінде есепке алынған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Елімізде жалғызілікті әкелердің статистикасы бөлек жүргізілмейді, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп жатқан әке, ана болсын бүтін емес отбасы болып саналады. Петропавлдағы білім ордаларында 4717 толық емес отбасы есепке алынған. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, соның 49-ында балаларын әкелері жалғыз өзі өсіріп-тәрбиелеп жатыр. Солардың бірі — Талғат Тутуев. Ер адам алты баланың әкесі, ұл-қызының бесеуі — кәмелет жасына толмаған, мектепте оқып жатыр. Тілшіміз көпбалалы, жалғызілікті әкені әңгімеге тартқан еді.
— Жалғызілікті ана туралы біз жиі естиміз, ал балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп жатқан әкелер сирек кездеседі. Алты баламен жалғыз қалуыңызға не себеп?
— Біз де бақытты ғұмыр кешкен отбасы едік. Бірақ, қайғы шаңырағымызды айналып өтпеді. Зайыбым екі жыл бұрын кенеттен қайтыс болды. Тірі адам тірлігін жасайды, содан бері балаларыма өзім бас-көз болып, өсіріп жатырмын.
— Өзіңіз жайында айтып беріңізші..
— Мен Есіл ауданы Николаевка елді мекенінде туып, өстім. Қазір Петропавлда тұрып жатырмын. «Атамекен СК» ЖШС-де тас қалаушы болып еңбек етемін.
— Алты баланы өсіру оңай емес, күнделікті күйбең тірлік бар, жұмыс та істейсіз, қиын емес пе?
— Тамақты бұрыннан пісіремін. Үйдің шаруасынан да хабарсыз емеспін. Өйткені келіншегім көзі тірісінде бір тәулік жұмыста кезекшілік атқарып, екі күн үйде болатын. Ол медициналық мекемеде жұмыс істеді. Тұрмыста қатты қиындық туа қойған жоқ, психологиялық жағынан ауыр болды. Жұмысымдағы басшыларыма, әріптестеріме алғыс айтамын. Менің жағдайымды түсініп, жеңілдіктер жасады. Мәселен, жұмысқа балаларды мектепке апарғаннан кейін аздап кешігіп келуге рұқсат берді. Сондай-ақ түскі үзіліске де ертерек кететінмін. Қазір де бір жағдайлар болып, кету керек болып жатса жібереді.
— Балаларыңыздың жасы нешеде, оқудан басқа немен айналысады, қызығушылықтары бар ма?
— Үш ұл, үш қызым бар. Тұңғышым үйленген, бөлек тұрады. Үлкен қызым Алина 17 жаста, М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейде 11-сыныпта 4 пен 5-ке, одан кейінгі ұлым 13-ке толды, Рақым № 26 мектепте 8-сыныпта оқиды. Оның да оқуы жақсы. Карате үйірмесіне барады, футболға қызығушылығы жоғары. Гитара тартуды үйренді. Төртіншім — Алтын есімді қызым, ол да қалған балаларым сияқты № 26 мектепте оқиды. 6-сыныпқа «өте жақсы» нәтижемен көшті. Сурет салуды үйреніп жүр. Бесінші қызым Диана 5 сыныпқа көшті, ол да 4 пен 5-ке оқиды. Қолы бос уақытта моншақтан түрлі заттар тоқиды. Кенже ұлымның есімі Жан, 2-сыныптың оқушысы, сабағы жақсы, ол да футболмен әуестенеді.
— Қыздардың тәрбиесінде ананың орны бөлек, тығырықтан қалай шығасыз?
— Ананың орнын ешкім баспас, бірақ қыздар менен сұрай алмағандарын жеңгелерімен ақылдасады, сырласады. Үлкен ұлым мен келінім бөлек тұрса да, келінім тамақ істеуге көмектеседі. Қыздарды білгеніне үйретіп жатыр. Кірді өздері жуады. Ал үйді күнделікті жинау, қоқыс шығару, тағы басқа шаруаларды барлығы бірге атқарады.
— Қазіргі уақытта жалғызілікті әкелерге қандай да бір көмек қарастырылған ба?
— Жоқ, балаларға асыраушысынан айырылғаны бойынша ғана жәрдемақы төленеді. Осы бойынша Заңда олқылықтар көп. Мәселен жалғызілікті аналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекке тұра алады. Көпбалалы аналар зейнет демалысына ерте шығады. Ал әкелерге, әсіресе жалғызілікті әкелерге ешқандай жеңілдік жоқ. Сондай-ақ көпбалалы немесе қиын жағдайға тап болған отбасыларды коммуналдық төлемнен босатса, ол ақшаны балалардың керек-жарағына жұмсар едік. Мұндай отбасылар көп емес қой.
Ал мектебіміз қолынан келген көмекті көрсетіп жатыр. Биыл № 26 мектеп ұлым Рақымды екі аптаға Алматыға математиканы тереңдетіп оқытатын мектепке оқуға жіберді. Қызым Диана Алматыдағы «Бөбек» лагерінде үш апта демалып келді. Бұдан бөлек балаларым оқитын мектептер жыл бойы көмектеседі, «Мектепке жол» акциясы аясында оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етеді. Түрлі іс-шараларға, мерекелерге, жаңажылдық ертеңгіліктерге шақырып, қалдырмайды.
— Өңірде қажет болған жағдайда сіздерге тегін психологиялық, заңдық тұрғыда, қиын сәттерде материалдық көмек көрсететін орталықтар бар ма?
— Мүмкін бар шығар. Бірақ мен білмейді екенмін, сұраған да емеспін. Өйткені әзірге қажеттілік болмады. Қандай да бір төлем жасалатын болса, құжаттар керек болса мектебіміз хабарлайды. Ал жалпы мен үшін бүгінде ең қиыны — уақыттың аздығы, аптасына алты күн жұмыс істеймін, салдарынан балаларыммен жеткілікті түрде уақыт өткізе алмаймын.