Петропавл тұрғыны «аватарына» террористік ұйымның туын қойғаны үшін жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдың 53 жастағы тұрғыны террористік ұйымының туын жеке аккаунтының профиліне фотосурет ретінде орналастырғаны үшін жауапқа тартылды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шараларды өткізу барысында құқықбұзушылықты анықтады. Ер адам «аватаркасына» орналастырған ту – шетелдік террористік ұйымға тиесілі. Оның қызметі ел аумағында тыйым салынған. 

Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен енді құқық бұзушы 100 АЕК – 370 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлейді. 

СҚО полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жақында елге экстремистік мазмұндағы әдебиеттің енуіне жол бермеді. Сондай-ақ интернет арқылы діни материалдарды заңсыз таратудың 5 фактісін анықтады. 

Тәртіп сақшылары діни мазмұндағы тыйым салынбаған ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат үйлерінде, рухани білім беру ұйымдарында және арнайы белгіленген стационарлық үй-жайларда таратуға рұқсат етілгенін еске салады.