Петропавл тұрғынына террористік ұйымның туын жариялағаны үшін айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Петропавл қаласының 53 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде мобильді қосымшасының аккаунт профиліне террористік ұйымның туын жариялаған. Бұл әрекеті үшін оған қомақты айыппұл салынды.

Фото: pexels.com

ҚР Терроризмге қарсы орталығының мәліметінше, бұл фактіні Солтүстік Қазақстан облысы ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында анықтаған.

– Ер адам жариялаған тудың суреті ҚР аумағында тыйым салынған халықаралық террористік ұйымның қызметімен байланысты. Сот шешімімен Петропавл тұрғыны 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылды, - делінген хабарламада.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері экстремистік бағыттағы әдебиеттерді заңсыз алып өту әрекетін тоқтатып, интернет арқылы діни материалдарды заңсыз таратудың 5 фактісін анықтаған.

Полиция қызметкерлері діни мазмұндағы тыйым салынбаған ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат орындарында, діни білім беру ұйымдарында және арнайы бекітілген орындарда таратуға рұқсат етілетінін ескертеді.