Петропавл тұрғындарына биотоған қауіп төндіріп тұр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдықтар күкіртті сутегі қалдықтарымен кәріз-су тазалау құрылғыларына реконструкция жасау арқылы күреспек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО экологтары өткен жылы газ қалдықтарын ауаға шығарудың 6 мың оқиғасы тіркелгенін айтуда.

Табиғатты ластап тұрған жерлердің  бірі биотоған аталатын қалдық сулар жиналатын орын. Экология департаментінің басшысы Ермек Омаровтың айтуынша, ол жерден газ көп мөлшерде бірден шығып кетпес үшін  қыс бойы арнайы ойықтар жсалып отырған. Егер мұз бірден төмендесе, күкіртті сутегі газының бірден көп мөлшерде шығып кету қаупі бар.

Экологтар сонымен бірге, шіру процестерін тоқтату үшін тоғанның түбін толық тазалау керектігін айтады.

«Ол үшін АҚШ-тың MICROBE-LIFT препаратының әсері зерттелді. Яғни препаратты тоғанға құйып, оның түбіндегі шіріндіні құртуға болады. Мұндай технологияның құны 600 млн теңге шамасында», - дейді тоғанның иесі болып саналатын «Қызылжар су» ЖШС.

Әзірге мәселені кәріз-су тазалау құрылғыларына реконструкция жасау арқылы шешу жоспарланған. Аталмыш құрылғылар Перопавл қаласында 1997 жылы пайдалануға берілген, 2005 жылдан бері оған реконструкция жұмыстары жасалып келеді.


фото:yk-news.kz