Петропавл тұрғындарының қоқыс үшін қарызы 28 млн теңгеден асты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғындарының қоқыс үшін берешегі 28 млн теңгеден асты. Тек «Береке» шағын ауданында ғана қарыз 4,5 млн теңгеге жеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғындары қоқыс үшін ақша төлеуге асығар емес. Ал жеке сектор тұрғындары, тіпті тұрмыстық қалдық шығаратын компаниялармен келісімге де отырмайды. Салдарынан шаһар көшелерінде тау болып үйілген қоқыс орындары пайда болған.

«Мұның барлығы – жеке сектордың қоқысы. Олар бізбен келісімге отырғылары келмейді. Бұл ауданда ұйым көп қабатты үйлермен ғана жұмыс істейді. Жағдай өзгермейді, өйткені, қоқысты жинап шығарғанмен, ол қайта пайда болады, тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды төгу керек қой. Әр үй бізбен келісімге отырмайынша мәселе өзекті болып қала бермек. Алайда тұрғындар қалталарынан ақша шығарғылары келмейді. Екі жыл қалаға көмектестік, мұндай қоқысты тегін шығардық. Қазір ондай мүмкіндігіміз жоқ», - дейді қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын компания директоры Мұрат Есмұқанов.

Қазіргі уақытта Петропавлда қоқыс үшін тариф бір адамға 220-230 теңге аралығында.

«Әр үйге бардық, кейбірі тіпті есігін де ашпайды. Бұл ауданда контейнерлер қойған кезде тұрғындардың 30 % ғана келісімге отырған еді. Бірақ жеке секторда тұратындар тұрмыстық қатты қалдықтың не екенін білмейді. Олар біздің контейнерлерімізді малдың қиымен толтыратын кездері болды. Салдарынан ол иістеніп, көрші маңдағы үйлер ол ыдыстарды алып тастауымызды сұрады. Сол себепті, тұрғындардың өтініші бойынша оларды алып кеттік. Бұл жағдайды Петропавлдағы бүкіл жеке сектордан көруге болады», - дейді Мұрат Есмұқанов.

Белгіленбеген орынға қоқыс тастаушылармен күресу үшін оларға айыппұл да салынған. Бірақ мұның да нәтижесі шамалы.

«Бұл құқық бұзушылыққа әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл 5 АЕК мөлшерінде, яғни 15 300 теңге шамасында.

Бұрын бұл жерде қоқыс жәшіктері болған, шамамен бір ай бұрын алынды. Сол мезеттен бастап тұрғындарға 22 хаттама толтырылды, жалпы сомасы - 130 мың теңге. Бұл жерге ешкім сырттан келіп, қоқыс тастамайды, заңды бұзатын – жергілікті тұрғындар», - дейді «Береке» шағын ауданының учаскелік полиция инспекторы Бейбіт Әлімжанов.

Қазір Петропавлда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 4 компания айналысады.

«Бүгінде Петропавлда қоқыс үшін тұрғындар 28 млн теңге берешек, тек «Береке» шағын ауданы бойынша ғана 4,5 млн теңге қарыз бар. Бұл – компаниямен келісімге отырғандардың берешегі. Ал қалғандары келісімге отырмайды, салдарынан көше бойларында осындай қоқыс үйінділері пайда болған.

Петропавлда қоқыс үшін тариф 2017 жылдан бері өскен жоқ. Қазіргі уақытта жанар-жағармай да, қосалқы бөлшектер де – бәрі қымбаттап жатыр, дегенмен компаниялар өз жұмыстарын тоқтаусыз атқарып келеді. Бірақ халық мұны түсінгісі келмейді», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.