Петропавл тұрғыны екі адамды балтамен жарақаттады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда отырыстың соңы жанжалға ұласып, ер адам екі бөтелкелесін балтамен жарақаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 ақпанға қараған түні полицияға ер адам хабарласып, өзінің қылмыс жасағандығын айтқан.

Петропавл тұрғыны жеке сектордағы үйлердің бірінде бөлме жалдап тұрады. Айтуынша, өзіне аса таныс емес екі ер адамды қонаққа шақырған, соңында дау-жанжал туындап, біреуіне балта сілтеген. Екінші қонағы төбелескендерді айыру үстінде зардап шеккен. Салдарынан біреуі ауыр жарақат алып ауруханаға түсті, екіншісі медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді.

Аталған факті «Қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша Сотқа-дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті ұсталды, оның жасы 41-де, бұрын сотталған. Қазір оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр.

«Спирттік ішімдік ішудің соңы көп жағдайда осылай аяқталады. Тәртіп сақшыларының міндеті осындай қылмыс түрлерінің алдын алу. Бұл бірінші кезекте, есептегі тұлғаларды қадағалайтын, алкогольге қарсы заңнаманы сақтау бойынша тексерістерді жүзеге асыратын учаскелік полиция инспекторларының жұмысы. Өткен жылдың бірінші айында осындай 12 факті анықталса, биылғы жылы 8 дерек тіркеліп, үшеуі өндіріспен аяқталды», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов.