Петропавл тұрғыны гаражынан XIX ғасырдың мылтығын тауып алды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны гаражын қоқыстан тазартып жүріп, сирек кездесетін қаруды тапты. Шетелде шығарылған қару енді полиция департаментінің музейіне тапсырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының полиция басқармасына 58 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Ол тәртіп сақшыларына пайдаланылмайтын гаражын қоқыстан тазартып жүріп қос ұңғылы мылтық салынған қапшық тауып алғанын айтты. Ер адам тісқаққан аңшы, қару-жарақ ұстауға рұқсаты бар болғандықтан заңсыз сақталған қару үшін жауапкершіліктің барлығын жақсы біледі. Сондықтан табылған қару туралы бірден полицияға хабарлаған. Ер адам қаруды ерікті түрде тапсырды. Табылған мылтық зерттеуге жіберілді.

СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері оның оқ атуға жарамды атыс қаруы екенін растады. Бір қызығы, бұл мылтық бельгиялық «Bayard» фирмасының сирек кездесетін аңшы қаруы болып шықты. Мылтыққа ойылып жазылған белгілерінен криминалистер оның 1893-1898 жылдар аралығында шығарылған деген болжамға келді. Енді сирек кездесетін қару облыстық полиция департаментінің музейіне тапсырылмақ. «Тұрғындар тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсырған жағдайда ғана қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Өткен жылы облыс аумағында заңсыз айналымнан 128 тіркелмеген атыс қаруы алынды, оның 17-і Петропавлда болған», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.


Фото: Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті