Петропавл тұрғыны тапа-тал түсте мешіттің құрылыс материалдарын ұрлады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының тұрғыны салынып жатқан мешіттен тапа-тал түсте құрылыс материалдарын ұрлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бой тасаламай-ақ ашық түрде арматураларды алып кеткен ұрыны жұмысшылар алыстан байқаған.

СҚО ІІД баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жақын маңдағы металл сынықтарын қабылдау орнындағылар ұрының бейнесін ауызша сипаттап берген.

Сол ауданның қалтарыстары мен ой-шұңқырын жақсы білетін учаскелік полицейлер Анатолий Колыванов пен Нұрлыбек Көбенов күдіктінің кім екенін ауызша айтылған бет-бейнесінен-ақ таныған. Ол араққа әуестігімен есепте тұрған 44 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты.

Хабарлама түскен уақыттан кейін, күдікті 10 минуттың ішінде ұсталды.

Қолға түскен күдікті өз кінәсын мойындады. Ұрланған материал иесіне қайтарылды. ҚР ҚК-нің 187-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Енді оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады, немесе заң бұзушы 45 тәулікке қамалуы мүмкін.

Фото: test.nucleart.hu