Петропавл тұрғынынан 200-ден астам «трамадол» таблеткасы тәркіленді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өтіп жатқан «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында «трамадол» препаратын астыртын сатқан әйел анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күні Петропавлда таратылуы шектелген «Трамадол» дәрілік препаратын заңсыз сату фактісі анықталды. Дәріні бұрын істі болған есірткіге тәуелді 34 жастағы әйел сатып келген.

«Әйелдің тұрғылықты жерінен «Трамадолдың» 160 таблеткасы мен 57 капсула тәркіленді. Препаратты ол медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейтін дәрігерден алғаны анықталды. Ал дәрігер оны емделушісінің рецептісі бойынша алып келген. Аталған факті бойынша материалдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 424-бабы «Заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызмет» бойынша әкімшілік сотқа тапсырылды», - дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.

СҚО полицейлері 5 қыркүйектен бастап «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатыр. Акция 9 қыркүйекке дейін жалғасады. Полицейлер есірткіні пайдалану және сату фактілерін анықтау үшін білім ордаларын және жастар бос уақыттарын өткізетін орындарды тексеріп жатыр. Медицина мекемелерінде, дәріханаларда және кәсіпорындарда есірткіні, психотроптық заттарды және прекурсорларды сатып алу, сақтау, есепке алу, пайдалану және жою ережелерінің сақталуы да назарда болады. Фармацевтикалық бақылау басқармасының қызметкерлерімен бірге тәртіп сақшылары құрамында кодеин бар дәрілік препараттарды рецептсіз сату фактілерін анықтау бойынша да жұмыс жүргізуде.