Петропавл вокзалында сатылатын билеттің қымбатшылығы мәселесі өз шешімін тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілісмен Кәрібай Мұсырманның Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке жолдаған депутаттық сауалына сәйкес алдымыздағы ақпан айынан бастап Қызылорда - Петропавл бағытында жаңа пойыз қатынасы ашылатын болды.

         Бүгінгі таңда Петропавл қаласында  "Серпін - 2050" әлеуметтік жобасы аясында еліміздің артық жұмыс күші бар оңтүстік облыстарынан келген бір мыңнан астам жастар білім алуда. Олар екі өңір арасында тура қатынайтын пойыздың болмауы салдарынан жол азабын тартып жүрген болатын. Енді күнара қатынайтын "Қызылорда - Астана" бағытындағы №75/76 жолаушылар пойызының Петропавл қаласына дейін қатынау мәселесі толық шешіліп отыр.

         Петропавл темір жолы бөлімшесі Ресей Жол қатынастары министрлігіне қарайтыны белгілі. Осыған орай солтүстікқазақстандықтар Петропавл темір жол вокзалында сатылатын билет бағасы қымбат екендігін айтып та шағымданатын. Бұл мәселе де өз шешімін тапты.

         - Петропавл темір жолында пойызға билет сату мәселесі халықаралық тарифтер бойынша жүргізіледі. Біз оны өзгерте алмаймыз. Бірақ сол жерден біз өз кассаларымызды аштық. Өзіміздің пойыздарымызға билеттерді өз тарифтеріміз бойынша сата бастадық, - дейді "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының бөлім басшысы Әбубәкір Смаилов.