Петропавл ЖЭО-2-нің ресурсы екі-үш жылға жетеді – Сәтжан Аблалиев

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда құрылысшылар салаға қатысты бірқатар мәселені көтерді. Соның бірі - 2-Жылу-электр орталығының қуатына қатысты. Өңірде құрылыс қарқын алған, тұрғын үйлер мен қатар көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасында құрылыс компанияларының өкілдері облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевпен кездесіп, салаға қатысты мәселелерді көтерді. Мәселен, салынып жатқан көпқабатты үйлер мен болашақта жоспарланған нысандарға жылу электр орталығының қуаты жеткілікті ме?
Құрылыс компанияларының Петропавл 2-ЖЭО жағдайына алаңдауы кездейсоқ емес. Шынында да, бұрын палата алаңында, қаланың негізгі жылу электр орталығының құбыры құлағанға дейін, бұрынғы «Севказэнерго» басшылығы станция ресурсының шектеулі екендігі туралы айтқан болатын.
«Осыдан үш жыл бұрын осы алаңда «Севказэнерго» АҚ бұрынғы басшысы Татаров ЖЭО мүмкіндігі шектеулі деген болжам жасап – бес жыл мерзім берді, оның үш жылын өткердік. Содан бері құрылыс саласының даму қарқыны да өзгерді, қалада жаңа шағын аудандар, әлеуметтік нысандар пайда болып жатыр. Сондықтан біз ЖЭО-ға қатысты жағдайды білгіміз келеді, өңірге газ қашан келеді немесе станцияны жаңғырту жұмыстары жүргізіле ме»,-деп сұрады «Қазақстан құрылысшылар одағы» СҚ филиалының директоры Шәкей Әміржан.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, станция ресурсы тағы екі-үш жылға жетеді. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі уақытта жылу және электр желілеріне қосылуға берілген техникалық шарттарға түгендеу жүргізуде, соның нәтижесінде пайдаланылмайтын техникалық шарттар қайтарылмақ.
«Біздің ЖЭО қуаты - 713 Гкал. Соңғы жылдары біз шамамен 512-515 Гкал тұрақты қолданамыз. Біз берілген техникалық шарттарға инспекция жүргіздік. Техникалық шартты алып, бірақ құрылысты жүргізбегендер бар, қажетінен көп алып, бірақ оны пайдаланбайтындар бар. Тексеруден кейін берілген техникалық шарттарды азайту туралы сөйлесеміз. Бұл қор бізге қаланың әлеуметтік және тұрғын үй нысандарының құрылысын екі-үш жылға қамтамасыз етеді. Алдағы айларда біз болашақ нысандарға техникалық шарттарды тарата бастаймыз», - деді облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.
Сонымен қатар, ол бүгінгі күні салынып жатқан немесе құрылысты енді ғана бастаған нысандардың барлығында техникалық шарттар бар екенін атап өтті. Қала әкімдігі облыс орталығының жылу желілерін дамыту жобасын әзірлеп жатыр, ал Петропавл 2-ЖЭО биыл станцияның негізгі және қосымша жабдықтарын жөндеуді жалғастырып, жаңа түтін мұржасын салуды бастады.