Петропавл ЖЭО-2 жаңа түтін мұржасы қолданысқа дайын
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы 2-ші жылу-электр орталығының жаңа түтін мұржасында сырлау жұмыстары мерзіміне бір ай бұрын аяқталды.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, биіктігі 180 метр болатын жаңа түтін мұржасында сырлау жұмыстары 25 маусымда басталып, тамыз айында аяқталады деп жоспарланды.
Мұржа дәстүрлі қызыл-ақ жолақты түске сырланды. Мұндай түске бояудың бірнеше себебі бар, соның бірі — авиациялық қауіпсіздік талаптары. Ашық, көзге көрінетін түстер әуе көліктеріне алыстан көрінеді. Сондай-ақ, нысанға жоғары температура мен коррозияға төзімді арнайы сырлар қолданылған. Тағы бір ерекшелігі — мұржа бетіндегі ақаулар мен өзгерістерді сырттай бақылауды жеңілдетеді.
Сонымен қатар, мұржаның айналасындағы шолу алаңдары да сырланды. Қазір мамандар жаңа мұржаға технологиялық жабдықтарды кезең-кезеңімен қосу және ауыстыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Жаңа мұржаның құрылысы өткен жылдың 5 тамызында басталып, небәрі 73 күн ішінде аяқталды. Соңғы бетон құйылымы 16 қазанда жүзеге асқан.
Жаңа мұржаның биіктігі — 180 метр. Бұл қазіргі қолданыстағы № 2 және № 3 мұржалардан 30 метрге биік.
Биыл наурыз айында мұржа астындағы техникалық бөлмені жабдықтау жұмыстары басталды. Ішкі бетіне арнайы коррозияға қарсы қорғаныс жағылып, 1-ден 4-ші қазандыққа дейінгі негізгі газ өткізгіш жолдары жаңа мұржаға қосылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаға таралатын зиянды заттарды бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе орнатылған.
Мамандардың айтуынша, нысанды толықтай іске қосу алдағы 2025-2026 жылғы жылыту маусымының басына жоспарланған.
Маусым айының басында 2-Жылу-электр орталығының құлаған мұржасының орнына салынған № 1 түтін мұржасының тәжірибелік-өндірістік іске қосылуы сәтті өткенін жазған едік.
Естеріңізге салайық, 2022 жылы 20 наурыз күні сағат 19.20-да Петропавлдағы жылу-электр орталығында түтін мұржасы жартылай құлады. Салдарынан жұмысшы әйел оқиға орнында мерт болды.
2-ЖЭО жартылай құлаған мұржасы бұзып алынды.
Алайда жаңадан салына бастаған ЖЭО-2 мұржасын қисайып кетуіне байланысты қайта бұзуға тура келді.