Петропавлдағы жылу орталығының мұржасы құлаған кезде үйінді астында қалған машинист-қараушы әлі табылған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 38 жастағы әйелді іздестіру жұмыстары ертең сағат 8- 00-де қайта жалғасатын болды. Әзірге нәтиже жоқ.
«Қазіргі уақытта жылу орталығында 4 қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр. Жылумен қамту көрсеткіштері қалпына келіп жатыр», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешов.
Бұған дейін төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов құтқарушылардың үйінділерді қолмен қопарып жатқанын айтқан еді. Құтқарушылар құрылымдар құлайтын болғандықтан инженерлік техниканы пайдаланып жатқан жоқ. Үйінді астында қалған әйелді іздеуге кинологиялық қызмет те тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, 20 наурыз күні Петропавлдағы ЖЭО-да үш түтін мұржасының бірі опырылып құлады.
Өңірде жедел штаб құрылып, тиісті шаралар қолға алынды.
Президент жақын арада облыс орталығы тұрғын үйлеріне жылу беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыс әкімі 21 наурыз күні кешке қарай қалада жылу қалпына келтірілетініне уәде берді.
Петропавлдағы ЖЭО-дағы жағдайға қатысты «ОАЭК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы да түсініктеме берді.