Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп кету және жылдамдық режимін бұзу сияқты құқық бұзушылықтарды тіркейтін бейнебақылау жүйесі Жамбыл – Партизан, Жамбыл – Ғ. Мүсірепов, Н.Назарбаев – Интернационал, Сүтішев – М. Жұмабаев көшелерінің қиылысында орналасқан.
Ал Астана – Интернационал, Жамбыл – Интернационал, Н.Назарбаев – Абай көшелерінің қиылысында техникалық құралдар бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетуді және тоқтау сызығынан шығып кетуді тіркейді.
«Облыс орталығында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында фото-бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Аталған профилактикалық шаралар автожүргізушілерді тәртіпке шақырады, бұл апат жағдайын төмендетуге септігін тигізеді», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.
Петропавлда барлығы 7 «интеллектуалдық» көше қиылысы бар. Жыл басынан бері бақылау-өлшеу құрылғыларының көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3825 дерегі тіркелді. Олардың негізгі бөлігі тоқтау сызығынан шығу кетуге қатысты. Бұған 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бағдаршамның тыйым салу белгісінен өткендерге 10 АЕК, жылдамдықты асырғандарға 10-нан 15 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Құқық бұзушы осы айыппұлдардың жартысын ғана төлей алады. Тек ол үшін СMС немесе пошта арқылы хабарлама алған 7 күн ішінде төлем жасау қажет.