Петропавл Жылу электр орталығының жұмысшысы алған жарақатынан қаза болды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 2-інші Жылу электр орталығында жарақат алған 21 жастағы жұмысшы қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Петропавл қаласы Полиция басқармасының бірінші полиция бөлімінің өндірісінде ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары бар.

Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғандай, 5 қараша күні Петропавлдың ЖЭО-2 аумағында жұмыс орнында болған 21 жастағы монолитші өндірістік жарақат алды. Ер адам медициналық мекемеге жатқызылды. Ол 7 қараша күні алған жарақаттарынан көз жұмды.
Сол күні аталған қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 3-бөлігіне ауыстырылды.
Қазіргі уақытта істің мән-жайын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады», - делінген полиция хабарламасында.
Мәлім етілгендей, тергеу барысында өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты тұлғалардың кінәсі айқындалатын болады.


Фото: t.me/POLICE_of_KZ