«Севказэнерго» АҚ мәліметінше, облыс орталығын ыстық сумен қамту 10 маусым күні тоқтатылып, тек 20 маусым ғана беріле бастамақ.
Бұл аралықта «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізеді.
Сынақтың мақсаты - келесі жылыту маусымына дайындалу, құбырлардағы және жылу желілері мен жабдықтардағы ақауларды анықтау.
Сынақ кезеңінде барлық магистральдық желілердегі қысым жұмыс кезіндегі қысымнан 25% жоғары болады. Сонымен қатар желідегі судың температурасы +40 градустан аспайды.
Сынақтар аяқталғаннан кейін үйлерге ыстық су кезең-кезеңімен қосылады. Ал ақаулар анықталған жағдайда магистральдық желілердің учаскелері жөнделеді, ал осы учаскелердегі тұрғын үйлерде ыстық су болмайды.
Компания өкілдерінің айтуынша, «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС-де жұмысты жедел аяқтау үшін қажетті құбыр, қалпына келтіру материалдары жеткілікті, қосымша қызметкерлер жұмылдырылған.
Бұған дейін жер сілкінісін ескертетін жүйе сынақтан өтіп, алматылықтар президенттік хабарлама алғанын айтқан едік.