«Nur Otan» партиясы СҚО филиалының мәліметінше, «Birgemiz-Qyzyljar» аймақтық қоры қаржылай көмекті 3669 мұқтаж жанға таратты. Төлемдерді ұйымдастыруды, үйлестіруді және бақылауды партияның өңірлік филиалы жүзеге асырады.
«Қордан 7 санатқа кіретін азаматтар материалдық көмек ала алады. Олар – аз қамтылған көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік жағынан осал тобының тізіміне кіретін жасына байланысты зейнеткерлер, жетім балалар мен асыраушысының бірінен айрылған балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген мүгедектер, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда жүрген тыл еңбеккерлері. Алушылардың тізімін жасаумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Қажетті ақпаратты 8 (7152) 50-14-19 және 8 (7152) 36-91-67 телефондары арқылы білуге болады», - дейді филиал төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова.
Мамыр айының басында төлем жасаудың екінші кезеңі басталады. Бұл жолы 50 мың теңге 7844 адамға берілмек. «Jas Otan» жастар қанатының волонтерлік топтарының күшімен азық-түлік пакеттерін тарату әлі де жалғаспақ. Әсем Рахметованың айтуынша, наурыз айынан бері облыс бойынша 1900-ден астам адамға антисептикалық, гигиеналық құралдар және азық-түлік жеткізілген.
«Біздің еріктілер күн сайын 5-тен 10-ға дейін мекенжайды аралап шығады. «Biz Birgemiz» партиялық акциясын қала мен облыстың белсенді азаматтары, Петропавлдың теңізшілер клубының мүшелері, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, жекелеген бастапқы партия ұйымдары, танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, спортшылар, журналистер белсенді қолдады», - деді Әсем Рахметова.