Диас Ағыбай машинаның майысқан жерін түзетіп, істен шыққан бөлшегін салады. Бір өзі - электрик, сырлаушы, көліктің қозғалтқышын да бұзып тастап, қайта жинайды.
Жеңіл көлікті жетік меңгерген бозбала қазір М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3-курссында грантта оқиды. Алайда болашақ мамандығы құрылыспен байланысты.
«Алғаш рет көлікті 10 жасымда жүргіздім. Ауылға барған мені ағам автоматпен басқарылатын көлігіне отырғызып, рульді сеніп тапсырды. Ауыл ішін аралап келдім.
Ал ең алғашқы жеке көлігімді 18 жасыма әкем сыйлады. Сөйтіп, уәдесін орындап, ұнатқан ВАЗ-2107-ні алып берді. Ескілеу, бірақ жөндеуге келетін. Өзім тозған бөлшектерін ауыстырып, майысқанын түзеп, дұрыстап алдым. Қазір ВАЗ-09 машинасын мініп жүрмін. Атамнан алғам, гаражында мінілмей тұрған ғой. Бұл менің - бесінші көлігім», - дейді Диас Ағыбай.
Ол көлікке деген қызығушылығының әкесінен дарығанын айтты.
«Кішкентайымда қаламнан бұрын қолыма бұранда кілтін ұстаған шығармын. Өйткені әкем көлік жөндеумен айналысты, мен үнемі қасында жүрдім. Ал ең бірінші рет өзім жөндеген көлік – әкемдікі еді, дөңгелегін ауыстырдым. Ол кезде шамамен ондамын. Ал 14 жасымда өздігімнен машиналарды жөндейтін жағдайға жеттім.
Мен жөндеген ең қымбат көлік – Тайота Камри. Жалпы жапондық көліктер өте мықты, ыңғайлы болып келеді. Десек те, шетелдік автомат көліктерді жөндеу қиын. Ұсақ-түйек бөлшектері көп, олар қымбат тұрады», - дейді шебер жігіт.
Диас ВАЗ маркалы көліктерді жөндегенді ұнатады, өйткені шығармашылыққа беріліп, толықтай өзгертуге мүмкіндік мол.
«Көліктерді жөндеуге таңдап қана аламын, мәселен шетелдік маркалы машиналар әдемілеуге келмейді, өйткені оларда бәрі зауытта қарастырылған. ВАЗ көлігі тюнингтен жақсы өтеді. Дөңгелегін ауыстырып, салонын қалағаныңдай өзгерте аласың», - дейді ол.
Көлік жөндеу барысында түрлі қызықты оқиға да басынан өткен.
«Ресейлік блогер келіп, кездесетін болдық. Бір күн қалғанда ауылға барып, көлікті соғып алдым. Сол күні кешке қалаға келіп, майысқандарын түзетіп, әдемілеп боядым. Таңертең тұрсам түнде жаңбыр жауған, бояуым кеуіп үлгермеген, жаңбыр тамшылары бетіне айғыздалып түсіп қалған ғой. Қолтырауынның терісі сияқты бұжыр-бұжыр. Қайта жөндеуге уақыт жоқ, үстінен жалтырағанша сүртіп, аздап жөнге келтіргендей болып, кездесуге бардым», - дейді Диас Ағыбай.
Сөз соңында Диас болашақта толық осы салаға бет бұрып, детейлинг орталық ашуды армандайтынын тілге тиек етті.