Солтүстік Қазақстан облысында екі күннен бері толассыз қар жауып тұр. Көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін коммуналдық кәсіпорындар Петропавл қаласының көшелерін қардан тазартып жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығының аумағы 9 бөлікке бөлініп, коммуналдық кәсіпорындарға бекітілген. Қала жолдарын механикалық тазалауға, қарды жинап, шығаруға және көктайғаққа қарсы реагенттерді себуге 145 техника әзірленген.
Биыл қала көшелеріне себу үшін 2550 текше метр құм-тұз қоспасы әзірленген. Сонымен қатар, еліміздің өзге қалаларында қолданылатын «Антилед», «icemeit green» «icemeit rower» сынды реагенттер де пайдаланылмақ. Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл реагенттер жоғары нәтиже бергенімен, бағасы қымбат. Сол себепті негізінен бір тәулікте жаяу жүргіншілер жолына, аялдамалар маңы мен жолдарға орташа алғанда 70 текше метрден аса құм-тұз қоспасы шашылады.
Облыс орталығында көктайғаққа қарсы жұмыстарға «Коммунстройсервис», «Коммунхоз Петропавл» «Норд Жолдары» ЖШС жауапты. Бұл жұмыстарға 5 техника тартылған, таңғы сағат 5.00-ден 7:30-ға дейін жүргізіледі. Ал жолдардағы қарды 12 кәсіпорын шығарады. Бұл жұмыстарға күнделікті 40 техника бөлінген. Көшелерді қардан тазалау түнгі сағат 22:00-ден таңғы 5.00-ге дейін атқарылады.